Атыраудағы екі ауданда Жайық жағалауына бөгет салу толық аяқталды

Су тасқыны
Фото: Атырау облысының жедел штабы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының екі ауданында Жайық өзенінің жағалауына бөгет салу толық аяқталды.

Атырау облысы жедел штабының ақпаратына сүйенсек, Индер және Махамбет ауданында, Атырау қаласында су айдынының жағасына бөгет салу жоспарланған. 

«Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауына 65,5 шақырым бөгет салу көзделген еді. Қазір жоспарланған бөгет толығымен тұрғызылды. Бөгеттің орташа биіктігі – 2,5 метр. Өзен жағасындағы бөгетті нығайтуға шамамен топырақ толтырылған 1 млн 093 мың 920 қап дайындалды. Жағалауды нығайту жұмыстарына 1 мың 628 адам, 207 техника тартылды», -деп хабарлады жедел штабтан.

Штабтың мәліметінше, бөгет салу, оны нығайту жұмысы Индер ауданында да аяқталған. 

«Индер ауданында Жайық өзенінің жағалауына 30 шақырым бөгет салу жоспарланды. Қазір бұл жұмыс толығымен аяқталды. Жағалауда нығайтылған бөгеттің орташа биіктігі – 4,5 метр. Бөгетті нығайту үшін 518 мың 500 қапқа топырақ толтырылды. Бұл жұмыстарды атқаруға 988 адам, 132 техника жұмылды», -деп мәлім етті жедел штабтан. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінің деңгейі Индерде — 707, Махамбет ауданында 770 сантиметрге жеткенін хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар