Атыраудағы газ-химия кешені ақаулар жойылған соң қайта іске қосылды
Атырау облысындағы 5 маусымда жөндеуге тоқтатылған газ-химия кешені полипропилен шығаруды қайта бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газ-химия кешенінде жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір кешеннің барлық технологиялық қондырғысы штаттық режимде жұмыс істеуге көшірілді. Кешенде полипропилен өндіру басталды», - деп хабарлады «KPI Inc.» ЖШС-нің баспасөз қызметі.
Кешенде Теңіз кен орнынан жеткізілген шикізатпен жылына 500 мың тонна полипропилен шығарылады. Бұл – әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайтын, әрі Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге септігі тиетін полипропилен шығаратын алғашқы кешен.
Кешенге америкалық Lummus Technology Inc компаниясының Catofin және Novolen технологиялары орнатылған. Осыған ұқсас кешендер әлемнің Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай секілді бес елінде бар.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда газ-химия кешенінің жұмысы не себепті тоқтатылғанын хабарлаған едік.
КРІ ЖШС-нің басқарма төрағасы - бас директоры Данияр Тиесов кешеннің тоқтау себебін түсіндірген еді.
«Газ-химия кешенінің жұмысын тоқтату осы секілді ірі кәсіпорындарда кездесіп тұрады. Өйткені, ірі өндіріс орнының пайдалануға берілгеніне әлі бір жыл толған жоқ. Сол себептен, кешен құрылысын жүргізген мердігердің есебінен барлық анықталған кемшілікті ретке келтіру көзделіп отыр. Біз кешенді 10 шілдеде тоқтатып, 25 тамызда қайта іске қосуды жоспарлаған едік. Бірақ, оны 5 маусымда тоқтауға тура келді. Өйткені, Siemens компаниясының жылу алмастырғышында ақау байқалды», - деп хабарлаған еді Данияр Тиесов.