Атыраудағы Құлсары қаласынан 12 мыңнан астам адам эвакуацияланды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласынан 12 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

эвакуация
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

Атырау облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. 

«Құлсары қаласынан 12 мыңнан астам адам қауіпсіз орынға көшірілді. Эвакуацияланған адамдардың 5 мыңы – балалар. Тұрғындар Атырау қаласына, Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз кен орнындағы вахталық қалашыққа және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына эвакуацияланды», - деп хабарлады облыстық штабтан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын судың қаупіне байланысты Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды. 

Күндіз Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты. 

Кеше тасқын су Құлсары қаласына кіре бастағанын хабарлаған едік. 

Атырау облысының әкімі қауіп әлі сейілмегені, жағдай өте күрделі екенін айтқан еді. 

Су басқан Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына апаратынын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар