Атыраудағы сібір жарасы: Қасапхана жұмысшысы аурудың жеңіл түрін жұқтырған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы мал сою пунктінде жұмыс істейтін қасапшының сібір жарасының жеңіл түрін жұқтырғаны анықталды. 

түйнеме
Фото: Kazinform

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызмет көрсету басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, 22 қарашада қасапхана жұмысшысы №2 облыстық ауруханаға сібір жарасының бастапқы белгілерімен жеткізілген.  

«Науқастың қолындағы жарақаттан ПЦР сынамасы алынды. Зертханалық талдау оң нәтиже берді. Науқасқа сібір жарасының терілік диагнозы қойылды», - деп хабарлады Алмагүл Әбілова. 

Оның пікірінше, өлген малмен байланыста болған 16 адам медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. Олардан сібір жарасын жұқтыру белгілері байқалмаған. 

«Сібір жарасының бірнеше формасы бар. Бұл ауру малдан адамға қол мен аяқтың ашық жері арқылы жұғады. Оның белгілері 14 күн ішінде немесе 5-6 күнде анықталады. Аталған ауруды жұқтыру белгісі расталған науқасқа сібір жарасының терілік формасы деген диагноз қойылды. Бұл – жеңіл өтетін форма түрі. Қазір науқастың дене қызуы қалыпты, денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Медициналық хаттамаға сәйкес антиобиотик терапиямен емделуіп жатыр», - деді Алмагүл Әбілова. 

Еске сала кетелік, бұған дейін өткен аптада Атыраудағы мал базарында өлген сиырдан сібір жарасы анықталды. Ал, жұма күні мал базарында жұмыс істейтін бір адам ауруханаға түскенін хабарладық. 

Сондай-ақ бүгін ауруханада жатқан базар жұмысшысынан ауру белгісі расталды.

Соңғы жаңалықтар