Атыраудағы сібір жарасы: Ветеринариялық бақылау осал емес пе
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пунктінде өлген сиырдан сібір жарасы табылғалы біраз күн өтті. Қазір аталған аурудан 3 сиырдың өлгені анықталып отыр. Ал, 20-25 қараша аралығында Атырау қаласына құжаты толық емес 1046 малды әкеле жатқан 30 көлік кіргізілмеді.

Сібір жарасынан 3 сиыр өлген
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, аталған аурудың анықталуына байланысты эпизоотиялық шараларды ұйымдастыру үшін жұмыс тобы құрылған.
— Сібір жарасы ауру анықталғаннан бері облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары шаһардағы базарлар мен түрлі сауда нүктелерінен, оның ішінде ет өнімдері сақталатын, сатылатын орындардан, малды сою, тасымалдау кезінде қолданылатын құрал-жабдықтардан, арнаулы жұмыс киімдерінен, сойылған малдың ашасынан 700-ден астам сынама алды. Сынамалар бес мал базарындағы қасапханалардан, топырақ құрамынан, жем басқа да биоматериалдардан алынып, 66 нысанда зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы кезге дейін 44 талдау қорытындысы «теріс» нәтиже көрсетті. Талдау жұмысы әлі жалғасып жатыр, — дейді Жасұлан Бисембиев.
Оның дерегіне сүйенсек, ветеринариялық бақылау жүргізу үшін 4 қадағалау бекеті қойылды. Бұл бекеттерде полиция мен ветеринария мамандары тексеру жүргізуді қолға алған.
— Мамандар малдың жұқпалы ауруға қарсы егілгені туралы құжатты тексеріп, дене қызуын бақылайды. Мәселен, 20-25 қараша аралығында союға мал әкеле жатқан 30 көліктің қалаға кіруіне тыйым салынды. Өйткені бұл көліктердегі 838 ұсақ малдың, 192 ірі мүйізді қара мен 16 жылқының тиісті құжаттары толық болмай шықты. Кейбір малдың құлағындағы сырғасының нөмірі өше бастаған, кейбірінің құжаты қате толтырылған, — деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Атырауға ауру мал БҚО-дан әкелінген, онда да сібір жарасы ошағы табылды
Әкім орынбасарының мәліметінше, мал сататын орында 3 сиыр өлген. Мүйізді ірі қараның үшеуінен де сібір жарасы анықталған.
— Өлген сиырдың екеуі Батыс Қазақстан облысынан, ал, біреуі Атырау облысындағы Құрманғазы ауданынан әкелінген. Мамандар екі сиырдың өлімтігінен 2 рет сынама алып, зертханалық талдау жүргізді. Талдау қорытындысымен сібір жарасы анықталып отыр. Үшінші сиыр ауруды мал сою пунктінен жұқтырған болуы мүмкін, — деді Жасұлан Бисембиев.
Жалпы Атырау қаласына мүйізді ірі қараның 80 пайызы Батыс Қазақстан облысынан тасымалданады. Облыстың аудандарынан союға мал әкелетін кәсіпкерлер бар.
Қарашаның басында сібір жарасы Батыс Қазақстан облысынан да табылған. Казталов ауданының тұрғыны түйнемеге шалдығып, ауруханаға түскен. БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім еткендей, науқас соның алдында ғана ірі қара малды союға қатысқан.
Осыған байланысты Қошанкөл ауылдық округі әкімінің шешімімен ауру ошағына карантин қойылды. Онда ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар кешені жүргізіліп, 22 қараша күні қорытынды дезинфекция жасалды. 26 қараша күні карантин тоқтатылды.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, күні бүгін облыс аумағында эпизоотиялық жағдай бірқалыпты, толық бақылауда.

Атырау қаласына сібір жарасы бар мал БҚО-дан тасымалданғанына ветеринария басқармасы былай деп жауап қатты:
— Биылғы 21 қазан күні Жаңақала ауданының «Ғабдуллин Е.» шаруа қожалығының 10 бас ірі қара малы Атырау қаласына шығарылған. Бұл малдар сібір жарасы ауруына қарсы вакцинацияланған. Малды тиеу, тасымалдау және 22-23 қазанда Атырау қаласында сатып, өткізу кезінде ешқандай ауру белгілері болмаған. Төрт түлік малдың сібір жарасы ауруының инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан бастап 14 күнге жетеді. Осы негізде Атырау қаласындағы қарасанға шалдыққан ірі қара малдың 12 қарашада сойылғанын ескере отырып ол Батыс Қазақстан аумағында сібір жарасы қоздырғышын жұқтыруы мүмкін еместігін хабарлаймыз.
Карантин мерзімі 8 желтоқсанға дейін ұзартылды
Өлген сиырдан сібір жарасының анықталуына байланысты 20 қарашада «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында карантин енгізілді. Кешеден бастап карантин мерзімі 8 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Карантин талабына сәйкес союға әкелінетін малдың құжаты болуы қажет. Бірақ, мұны ескергісі келмейтін кәсіпкерлер бар. Соңғы 5 күнде сатуға, союға мал әкелген 19 кәсіпкерге айыппұл салынды.
Себеп — малдың құжаты толық емес немесе дұрыс емес. Ал, «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пунктінде толық дизенфекциялық жұмыс жүргізілген. Оны жүргізуге 10 маман тартылған.
— Карантин енгізілген аумақта ветеринарлық-санитарлық шаралар қолданыстағы алгоритмге сәйкес қатаң жүргізілді. Ауру белгісі табылған аумақта тұрған барлық малға қайтадан вакцина салынды. Малдың кейбірі ауру ошағынан таза аумаққа көшірілді, — дейді әкімнің орынбасары.

Ветеринарларға бір жыл бұрын 42 көлік берілген
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, ветеринариялық қызмет екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі — төрт түлікке вакциналау жүргізетін ветеринарлық станса. Бұл құрылым жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылады.
Атырау қаласы мен 7 ауданда ветеринариялық стансалар бар. Бұл стансаларда 70-ге жуық маман жұмыс істейді. Былтыр жергілікті бюджет есебінен ветеринариялық стансалар үшін 42 жаңа автокөлік сатып алынған.
Мәселен, Ресей Федерациясындағы Астрахань облысымен шектесетін, әрі ауылдық округі көп Құрманғазы ауданына 12 көлік бөлінген. Ал, Қызылқоғаға — 6, Индер, Махамбет аудандарының әрқайсысына 5, Атырау қаласына, Исатай мен Жылыой ауданына — 4, Мақат ауданына 2 көліктен берілген.
Ал, екіншісі — ветеринариялық бақылау және қадағалау жүргізетін облыстық аумақтық инспекция. Әкім орынбасарының мәліметінше, сібір жарасы тіркелген соң Астана мен Батыс Қазақстан облысынан қосымша мамандар шақыртылған.
— Биыл облыстың шаруашылық құрылымдары мен жеке иеліктегі төрт түлікті қауіпті ауруларға қарсы вакциналау үшін 3 млн доза дәрі бөлінді. Вакциналауды жергілікті ветеринариялық стансаның мамандары жүргізеді. Осы кезге дейін малға 2 млн 800 мың доза дәрі егілді, — дейді Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы мал базарында өлген сиырдан сібір жарасы анықталғанын хабарлаған едік.
Кейін мал базарында жұмыс істейтін бір адам ауруханаға түсіп, одан ауру белгісі расталды.
Ал, кеше дәрігерлер қасапхана жұмысшысы сібір жарасының жеңіл түрін жұқтырғанын айтты.