Атыраудағы жәрмеңкеде 37 компания 522 бос жұмыс орнын ұсынды

Бос жұмыс орны
Фото: Атырау өңірлік комммуникациялар қызметі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 37 компания қатысып, 522 бос жұмыс орнын ұсынды.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілхасымовтың айтуынша, компанияларға 453 мамандық бойынша жұмысшылар қажет.

«Былтыр осындай 45 жәрмеңке ұйымдастырылып, жұмыссыз жүрген 5 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде 2 300 адам жұмысқа орналасты. Бұл жәрмеңкеде жұмыс берушілер 522 бос жұмыс орнын ұсынды. Әсіресе, қарапайым мамандық иелеріне сұраныс артып отыр. Мәселен, ағаш сатыны монтаждаушы, аспаз, ас үй қызметшісі, күзетші, қоймашы, сылақшы, даяшы, бармен, тазалаушы, кір жуушы, түрлі бағыттағы оператор секілді мамандарды сұраушы көп. Ал, инженерлік позиция бағытында 69 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде техника қауіпсіздігі инженері, құрылыс инженері, инженер-механик, инженер-электрик секілді мамандықтар бар», - деді Еркебұлан Әбілхасымов.

жәрмеңке
Фото: Атырау өңірлік комммуникациялар қызметі

Оның мәліметінше, жәрмеңкеге 800 адам қатысқан. Оның ішінде алиментін өтемеген борышкерлер де бар. 

«Компаниялар алдымен жұмыс іздеушілердің тәжірибесі мен біліктілігіне баса мән береді. Талапқа сәйкес келген мамандар тест тапсыруға шақырылады. Содан кейін жұмысқа қабылданғандар туралы мәлімет басқармаға беріледі», - деп мәлім етті Еркебұлан Әбілхасымов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 5 мыңнан астам жас жұмыс іздегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар