Атыраудан Астанаға билет 130 мың теңгеден: Air Astana жағдайды түсіндірді

эйр астана
Фото: Air Astana

АСТАНА. KAZINFORM - Air Astana блогер Асхат Ниязовтың Instagram мен Telegram-дағы жазбасына түсінік берді.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең журналист-блогер Асхат Ниязов Атыраудан және Оралдан ұшатын рейске билет бағасының шарықтап кеткеніне шағымданып, компанияның жақында ғана су тасқыны аймақтарына билет қымбаттамайтыны туралы мәлімдемесі негізсіз екенін айтқан еді. 

баға
Фото: asshot.inc/Instagram

Әуекомпанияның мәліметінше, шынымен де Атыраудан ұшатындар үшін билет құны 40 мың теңгелік арнайы тариф енгізілген. 

«Дегенмен, бұл бағыт бойынша сұраныстың өскенін ескеруіңізді сұраймыз. Өкінішке қарай, рейстерде орын саны шектеулі және Атыраудан жақын арада орындалатын рейстерде эконом-кластағы билеттер сатылып кетті де, сатылымда бизнес-класс билеттері ғана қалды. Скриншотта Атырау-Астана билетінің бизнес-кластағы құны көрсетілген, өйткені эконом-класта 23 және 24 сәуірге билет қалмаған. Сайтымызда осы бағыттағы билеттерді эконом-класта 25 сәуірден бастап таба аласыздар» дейді компанияның баспасөз қызметінен.

Бұған дейін Air Astana тобы Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау, Шымкент қалаларына 9 сәуір мен 18 сәуір аралығында қосымша 33 рейс ұйымдастырған.

Тұрақты рейстермен қатар барлығы 95 рейс орындалады. 

Соңғы жаңалықтар