Атыраудан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 спортшы қатысады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысынан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3 спортшы қатысады.

Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризмді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуованың дерегіне қарағанда, атыраулық спортшылар республикалық чемпионатқа қатысып, үздік атанған.
«Мәселен, Нұржан Сәрсенғалиевтың жасы – 20-да. Ол алыш күресінен ел чемпионатында бақ сынап, өз салмағында жеңімпаз атанды. Ал, құсбегіліктен спорт шебері Арман Қошқаров та Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болған. Ол біраз жылдан бері саятшылықты серік етіп келеді. Үшіші спортшы – Марат Бексұлтан. Оның да спорт шебері деген атағы бар. Ол – дәстүрлі садақ атудан ел чемпионаты мен бірнеше халықаралық турнирде топ жарған спортшы», -дейді Нұржауған Төлеуова.
Оның айтуынша, көшпенділер ойындарына өңірден 3 киіз үй тігіледі. Киіз үйдің біріне жергілікті мұражайдың жәдігерлері қойылады. Ал, екінші үйде ұлттық салт-дәстүр таныстырылады. Сондай-ақ, үшінші киіз үйде аймақ туризміне қатысты мәліметтер көпшілік назарына ұсынылады.
«Атырау облысының спортшылары бұдан бұрын өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, 2016 жылғы ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Сұңғат Закарияев қазақ күресінен бірінші, Арман Қалиев екінші орынды иеленген еді. Ал, 2018 жылы өткен ІІІ дүниежүзілік ойындарында Арман Қалиев қырғыз күресінен екінші, Абылай Амандық түркімен күресінен, Қайыпқан Ақжол алыш күресінен үшінші жүлдеге ие болды», -деп мәлім етті Нұржауға Төлеуова.
Еске сала кетелік, бұған дейін көшпенділер ойындарында әлемнің 35 елінен келетін садақшылар қазақстандық өнімді пайдаланатыны хабарланған еді.