Атырауды «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің түтіні басты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Кешеден бері Атырау облысындағы «Ақжайық» табиғи резерватында қамыс өрті 280 гектар аумақты шарпыды. Қазір мұнайлы шаһарды қамыс түтіні басып, ыстың иісі сезіліп тұр. 

Атырауды «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің түтіні басты
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, Дамбы ауылынан 20 шақырым қашықтықта қамыс жанып жатыр.

— «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында 280 гектар алаңда қамыс өртенді. Сағат 11:00–ге дейін 200 гектар аумақтағы өрт өздігінен өшті. Төтенше жағдайлар департаменті мен табиғи резарват қызметкерлері 50 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Өрттен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, — деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Аталған өртті сөндіруге байланысты арнайы штаб құрылды. Қазір 30 гектар аумақтағы қамыс өртін сөндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатқанын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар