Атыраудың Амангелді ауылындағы су тазарту қондырғысының жұмысы уақытша тоқтатылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының Амангелді ауылындағы су тазарту қондырғысының жұмысы уақытша тоқтатылды.

Бұл туралы «Атырау облысы су арнасы» КМК ақпарат таратты.
«Амангелді ауылындағы су тазарту қондырғысының жұмысы қалқымалы сорғыға бару және жөндеу жүргізудің мүмкін еместігіне байланысты уақытша тоқтап тұрғанын хабарлаймыз. Соның салдарынан Дамбы, Қызылбалық, Жаңаталап және Құрманғазы ауылдарына салқын су Атырау қаласынан жеткізіледі. Осыған байланысты үйдегі су қысымы төмендеуі мүмкін», -делінген кәсіпорынның ақпаратында.
Су тазарту қондырғысын қайта іске қосу жұмыстарын маусым айында жүргізу жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары тұрғындары лайланған ауыз су үшін тарифтің 50 пайызын ғана төлейтінін хабарлаған болатынбыз.
Ал, кеше Жайық суы Атырауда 6 метрге жетті.
Сондай-ақ, тасқын су Атыраудың солтүстік бөлігіндегі елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғанын жазған едік.