Атыраудың білім саласында 2,6 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында білім саласындағы мекемелерге бөлінген бюджет қаржысының тиімділігі мен мақсатты жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит кезінде 12 білім ордасы мен мектеп-интернаттарының жұмысына талдау жасалған. 

Атыраудың білім саласында 2,6 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталған
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Атырау облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Жанат Дауталиеваның айтуынша, 2022-2024 жылдарға жүргізілген аудит нәтижесінде қаржылық заңбұзушылық пен жүйелі кемшіліктер анықталған. Соған байланысты білім беру мекемелерінің қаржылық тәртібі мен жоспарлау процесін жетілдіру, бақылауды күшейту қажеттігі туындап отыр.

– Аудит қорытындысмен анықталған заң бұзушылықтардың көлемі – 2,6 млрд теңге. Оның ішінде 970 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы, 1,5 млрд теңгені тиімсіз жоспарлау бар. Бюджеттің 143 млн теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Ал рәсімдік сипаттағы 172 кемшілік пен тәртіп бұзушылық назарға алынды, - деді Жанат Дауталиева.

Оның пікіріне сүйенсек, кемшіліктердің мынадай себебі бар. Біріншіден, бюджет қаржысын жоспарлау кезінде өтінімдердің дұрыстығы мен негізділігі қамтамасыз етілмеген. Екіншіден, бюджеттен бөлінген трансферттер нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған. Үшіншіден, бірқатар мектепте медициналық кабинеттер лицензиясыз жұмыс істеген. Медициналық кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген.

– Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету кезінде қолданыстағы заңнама талаптары толық сақталмағаны анықталды. Кейбір өнім түрлері ас мәзіріне енгізілмей келген. Мектептерде бейнебақылау жүйесі орнатылғанымен, камералар жазу функциясынсыз жұмыс істейді. Мұндай камералардың бейнемұрағатына қол жеткізу мүмкін болмады. Ал кейбір негізгі қорлар пайдаланылмаған күйінде қоймада сақталып тұр. Бұл кемшіліктер облыстық білім беру мекемелеріндегі бюджет қаржысын басқаруда қаржылық тәртіп деңгейінің тиісті деңгейде еместігін көрсетеді, - дейді Жанат Дауталиева.

Тексеру комиссясы мүшесінің мәліметінше, аудит қорытындысынан кейін 92 әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бойынша құжаттар Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, мемлекеттік кірістер басқармасына, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жіберілген. Сондай-ақ, Атырау облыстық полиция департаментіне террористік тұрғыдан осал нысандардың қорғалу талаптарының бұзылуына байланысты құжаттар тиісті шара қабылдау үшін жолданған.

– Анықталған қателіктерді жою мақсатында білім беру саласын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар берілді. Нақтылай айтқанда, бюджеттік өтінімдерді жасақтау мен бөлуде дәлдік пен негізділікті арттыру, мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамту, жылумен жабдықтау және тазалық қызметін аутсорсинг арқылы ұйымдастыру ұсынылды. Медициналық кабинеттерді толық лицензиялау, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, пайдаланылмай тұрған мүліктің нақты қажеттілігін анықтауға назар аударылды, - деп мәлім етті Жанат Дауталиева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бюджеттік мекеме есепшілері жалақы аударуда неге жиі қателесетінін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар