Атыраудың Махамбет ауданында Жайық маңындағы жыралар ашылып жатыр

өзен
Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзені маңындағы жыралар ашылып жатыр.

Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме директоры Алтынбек Амангелдіұлының айтуынша, елді мекендерді Жайық өзенінің тасқын суынан қорғау үшін осындай шешім қабылданған. 

«Жайық өзенінің маңында сай-жыралар көп. Осы кезге дейін өзен суын бұру үшін 12 жыра ашылды. Қазір Қарт Жайық, Ойынкөл, Өлішығанақ, Бесағаш, Қоржын, Қосөзек, Жұмай, Бесқала, Алмағамбет және басқа сай-жыраларға су құйылып жатыр. Өзен суының көп бөлігі сай-жыраларға құйылса, елді мекендерді тасқын қаупінен қорғап қалуға болады. Әзірге судан орман шаруашылығына кері әсер ететіндей зиян байқалмайды», - дейді Алтынбек Амангелдіұлы. 

Оның пікірінше, кейінгі жылдары су тапшылығынан орман шаруашылығы аумағында қураған ағаш көбейген. Сол себептен, Махамбет ауданында жыралар қураған ағаш қалдықтары мен топырақтан тазартылған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың Махамбет ауданында Жайық өзенінің жайылмасына су шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар