Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауданында үш медициналық пункт ашылды

Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан Құрманғазы ауданында бір күнде үш медициналық пункт қолданысқа берілді, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау обл
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, Құрманғазы ауданында ашылған 25 орындық үш медициналық пункттің ғимараты «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл нысандарда Алтыншы, Шағырлы, Кадырка ауылдарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық денсаулық сақтау саласын дамытудың бағдарламасы бекітілді. Соған орай Атырау облысында бірнеше медициналық нысанның құрылысы басталған еді. Биыл Құрманғазы ауданының шалғайдағы елді мекендерінде үш нысан ашылып отыр. Мәселен, Алтыншы, Шағырлы, Кадырка ауылдарының тұрғындары бұрын медициналық көмекті алу үшін аудан орталығына немесе Атырау қаласына баруға мәжбүр болатын. Енді олар медициналық көмекті ауылдағы жаңа пунктте алады», - деді Қайрат Нұртаев.

Ауылдардағы медициналық пункттің жалпы ауданы – 266,35 шаршы метр. Мұнда егу, материал жинау, перфорациялық зерттеу, дезинфекциялық заттарды дайындау және сақтауға арналған құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ дәріхана, техникалық қызметкерлер мен медбикелерге арналған бөлмелер бар.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары қаласында үш жыл салынған 75 орындық аурухана ашылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар