Атырауға өзге елден келген 11 адамға босқын мәртебесі берілген

босқын
Фото: gov.kz

Атырау облысында босқын мәртебесін алу үшін өзге елдің 96 адамы өтініш білдірген. Алайда, олардың арасынан 11 адамға босқын мәртебесін беруге шешім қабылданған, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, босқын мәртебесін алуға өтініш берген азаматтар қатаң бақылауға алынған.

«Биыл 1 желтоқсанға дейін басқармаға босқын мәртебесін алу үшін 96 адамнан өтініш түсті. Пана іздеп келгендердің арасынан 11 адамға босқын мәртебесі берілді. Ал, 55 адамның босқын мәртебесіне берген өтініші қайтарылып, олар елдеріне оралды. Өтініш берген 4 адам ықтиярхат алды», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.

Оның дерегіне қарағанда, 11 адамның басқа өңірге көшіп кеткені анықталған. Сондай-ақ 9 адам елдің аумағынан ескертусіз шығып кеткен.

«Пана іздеген адам ретінде 6 адам тіркелді. Оның ішінде 1 ер, 3 әйел, кәмелетке толмаған 2 бала бар. Олардың бәрі – Украина Республикасының азаматтары», - деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Биыл Атырау облысына шетелден 272 этникалық қазақ көшіп келгенін хабарлаған едік. 

Басқарманың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қандастардың басым бөлігі – 171 отбасындағы 218 қазақ Өзбекстан Республикасынан келген. Ресей Федерациясынан 35 отбасы (44 адам), Қытай Халық Республикасынан 1 отбасы (1 адам), Түркіменстан Республикасынан 3 отбасы (7 адам) және Монғолия Республикасынан 2 отбасы (2 адам) атамекенге оралған.

Қандастар Атырау қаласына, Жылыой, Мақат және Индер ауданына қоныстанған. 

Соңғы жаңалықтар
telegram