Атырауға жаңа қала прокуроры тағайындалды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының прокуроры қызметіне Мерген Өмірбекұлы Меңдіғалиев тағайындалды.
Мерген Меңдіғалиев 1989 жылы 28 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Құрманғазы ауданы прокурорының көмекшісі ретінде бастаған. Кейін Атырау қаласы прокурорының көмекшісі болды. Сонымен қатар Атырау облысы прокуратурасының басқармасында аға прокурор, Атырау қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасында бөлім бастығы қызметтерін атқарған.
2019-2022 жылдары Бас прокуратурада Қоғамдық мүдделерді қорғау және Қылмыстық қудалау қызметтерінде жұмыс істеген. 2022 жылдан бастап Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы болып қызмет атқарған.
Прокуратура органдарында жалпы еңбек өтілі 13 жылдан асады. Мемлекеттік наградасы — «Айбын» орденінің ІІ дәрежесінің иегері.
Бұған дейін Ақтау қаласының прокуроры тағайындалғанын жазғанбыз.