Атыраулық альпинист 20 күнде екі алып шыңды еңсерді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда тау жоқ. Дегенмен шыңдарды бағындырған Марина Малышева сияқты альпинистер  бар. Кейіпкеріміз биіктіктен қорықпайды, керісінше сол биіктікте өз күшін толық сезінеді. Кавказдан басталған бұл жол оны Эльбрус пен Дамавандқа, ал арманы — Эверестке жетелеп келеді.

 Марина Малышева
Фото: Марина Малышеваның жеке мұрағатынан

Атыраулық Марина Малышева 2023 жылдың маусым айында Кавказға алғаш рет сапар шегіп, таулардың сұлулығы мен биіктіктен ерекше әсер алады. Кейін бір айдың ішінде Эльбрустың батыс шыңына көтеріледі. Араға екі жыл салып, альпинист небәрі жиырма күннің ішінде «7 жанартау» халықаралық жобасына енген екі жанартауды қатар бағындырған.

Алдымен Ресей аумағындағы биіктігі 5621 метр болатын Эльбрустың Шығыс шыңына шықса, кейін Ирандағы Азияның ең биік жанартауы саналатын, теңіз деңгейінен 5610 метр биіктіктегі Дамаванд шыңын еңсерген. Әрбір шыңды еңсеру – ел мерейін асқақтататын жетістік. Сондықтан Марина әрбір сапарында міндетті түрде Қазақстанның Туын өзімен бірге алып шығады.

– Альпинизм – оңай спорт емес, әрі қаржылай шығыны да көп. Сонымен қатар бұл спорт түрі жоғары физикалық дайындықты және тұрақты күштік жаттығуларды да талап етеді. Альпинизмге физикалық дайындық – тек сыртқы форма үшін емес, ең алдымен қауіпсіздік пен өмірің үшін қажет. Тауда түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сол сәтте адам денесі мықты болып қана қоймай, өзін құтқаруға қауқарлы болуы тиіс. Сондықтан мен жүйелі түрде жаттығамын. Сонымен қатар, өз салмағыммен жаттығулар жасап, ұзақ жаяу кардио жаттығуларды міндетті түрде орындаймын, - деді Марина Малышева.

Өңірімізде таулар мен арнайы жаттығуға арналған скалодром болмаса да, бұл Маринаның осы қызықты әрі күрделі спорт түрімен айналысуына еш кедергі емес. Оның мамандығы — лингвист-аудармашы. Алайда қазіргі таңда фитнес-тренер болып еңбек етеді.

– Марина – мақсатына берік адам. Егер бір нәрсені ойласа, соңына дейін жеткізеді. Бұл спортта ең алдымен төзімділік пен рухты күш қажет, себебі тауға шығу оңай емес. Онда оттегі жетіспейді, мықты аяқ пен шыдамдылық керек. Жаттығусыз мұндай жетістікке жету мүмкін емес. Ал Марина үнемі еңбектенеді. Оның үстіне, ол тауға төрт рет шыққан. Мұны кез келген ер адам жасай алмайды деп ойлаймын, - дейді Марина Малышеваның әріптесі Александр Бородин.

Маринаның ең үлкен арманы — Непалға барып, Гималай тауларын көру және жер бетіндегі ең биік шың — Эвересті бағындыру.

Еске салайық, осыған дейін 55 жастағы Ками Рита Эверест тауын 31-ші рет бағындырғаны жөнінде жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум