Атыраулық хакерге 12 эпизод бойынша айып тағылды — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында өткен жылы жоғалып кеткен отбасы туралы әлеуметтік желі арқылы тың деректер таратқан хакерге 12 эпизод бойынша айып тағылды. Бұл туралы Құрылтайдан кейінгі брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.

 Санжар Әділов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Ол тұлға Түркия мемлекетінен экстрадицияланды. Қазіргі таңда алаяқтыққа қатысты 12 эпизод бойынша айып тағылды және сот өндірісінде. Сол себепті, өкінішке қарай, мұнан артық ақпарат бере алмаймын. Себебі менің құқым жоқ, — деді министрдің орынбасары БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

2026 жылғы 9 қаңтарда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті Ж.Н.-ға қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Сол күні ол халықаралық іздеуге жарияланды. 

2026 жылғы 19 ақпанда Интерполдың Ұлттық орталық бюросының мәліметіне сәйкес, күдікті Түркияның Самсун қаласында ұсталды.
Ол hacker.atyrau парақшасы арқылы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желіде таратқан еді.

Еске салсақ, Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған. Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды.

Сот Сұлтан Сарсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Сарсемалиев жазасын «Қара бүркіт» түрмесінде емес, Ұлытау облысындағы мекемеде өтейтіні хабарланды.