Атыраулық хакерге халықаралық іздеу жарияланды

АТЫРАУ.KAZINFORM – 31 жастағы Атырау облысының тұрғынына халықаралық іздеу жарияланды. Ол hacker.atyrau парақшасы арқылы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желіде таратқан еді.

Астана қаласының полициясы
Фото: Астана ПД

Полиция оны бұл іс-әрекеті үшін емес, осыған дейін жасаған құқықбұзушылығына байланысты іздеп жатыр. Құзырлы орган берген мәліметке сүйенсек, ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Оған қатысты 4 қылмыстық іс тіркелген.

- Жоғалған отбасы мұшелерінің жүрген жеріне қатысты барлық дерек ішкі істер органдарының бөлімшелері жүргізген заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анықталған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланымдар пайда болғанға дейін ресми түрде тіркеліп, кейіннен бағдар түрінде рәсімделген. Аталған тұлға жаңа деректер алған жоқ және ешқандай дербес техникалық талдау жүргізбеген. Оның жариялаған мәліметтері ресми бағдармен толық сәйкес келеді және ол ақпаратты бағдар жасалғаннан кейін ғана алған, - деп хабарлады облыстық ПД.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды. Кейін ерлі-зайыптының денесінен пышақ іздері анықталғанын жаздық.

Осыған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданында жоғалған тұрғындардың есепшоты уақытша бұғатталатынын, сол үйдегі қыз бен күйеубаланың шетел асып кеткенін жазғанбыз.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.

Әзірге сол үйдің екі баласы, Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев табылмады. Іздестіру жұмысы жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар