Атыраулық оқушы Грекияда өткен ән фестивалінің бас жүлде алды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық оқушы Дилназ Ежірова Грекияда өткен ән фестивалінің бас жүлдесін иеленді. Ол әнді ағылшынша орындаған. 

Атыраулық оқушы Дилназ Ежірова Грекияда өткен ән фестивалінің бас жүлдесін иеленді
Фото: Атырау облыстық білім басқармасы

Атырау облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жас өнерпаз Грекияда «Greece Hope» халықаралық фестивалінде бақ сынаған.

«Бұл фестивальге әлемнің 19 елінен жас өнерпаздар қатысты. Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Дилназ Ежірова ағылшын тіліндегі «Love Story» әнін орындады. Қазылар алқасы қазақстандық оқушының ерекше дауысы мен сахнада өзін ұстау мәдениетіне тәнті болып, бас жүлдеге лайық деп тапты», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Ұстазы Алма Нұрашеваның айтуынша, 13 жасар әнші Дилназ Ежірова бұған дейін бірнеше рет республикалық және халықаралық байқауларда өнер көрсеткен. Ол – вокаль жанрында үздік нәтиже көрсетіп жүрген талантты шәкірт.

«Дилназдың бұл жеңісі – шығармашылығындағы жаңа жетістігі. Мұны еліміздің өнер саласына қосылған зор үлес деуге болады. Әлемдік өнер сайысында еліміздің атын асқақтатқан жас әнші болашақта жаңа жетістіктерге жетуге талпынады. Өйткені, ол – жас болса да таланты шыңдалып келе жатқан өнерпаз», - дейді Алма Нұрашева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мектептің 11-сынып оқушысы референдумда алғаш рет дауыс бергенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар