Атыраулық спортшы жігіт көмір тиелген 94 тонналық вагонды сүйреді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының тұрғыны Ерсейіт Бралин көмір тиелген 94 тонналық вагонды сүйреді.

Ерсейіт Бралиннің ауыр вагонды сүйреген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.
Ол Құрманғазы ауданында тұрады. Спорттың пауэрлифтинг және грепплинг түрімен айналысады. Осы кезге дейін аталған екі спорт түрінен спорт шебері нормасын орындаған. Мәселен, пауэрлифтинген әлем чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ, Батыс Қазақстанда өткен «Толағай алыптары» жарысының жеңімпазы болған.
- Бұрыннан ауыр салмақ көтеруге қызығатын едім. Енді шәкірт тәрбиелеп, осы салада чемпиондар шығарғым келеді. Қазір Атырау қаласындағы «Санаторий» фитнес орталығында жаттығып, жарыстарға қатысып жүрмін. Мені баулып жүрген жаттықтырушым Александр Литвиновке алғысым шексіз, - дейді Ерсейіт Бралин.
Оның айтуынша, 120 тонна болатын 5 вагонды сүйреуді мақсат етіп жүр. Егер бұл ойы іске асса, Қазақстан рекорды жаңаруы мүмкін.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 2 жүк вагоны аударылып, жерге күкірт төгілгенін хабарлаған едік.
Кейін Атырау облысында жүк вагондары аударылған учаскеде қозғалыс қалпына келтірілді.