Атыраулық спортшылар Әбибаның белдесуін «Мұнайшы» стадионынан тамашалады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы «Мұнайшы» стадионына жиналған жас спортшылар дзюдошы Әбиба Әбужақынованың белдесуін лед экраннан тамашалады. 

Атыраулық спортшылар Әбибаның белдесуін «Мұнайшы» стадионынан тамашалады
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл / Kazinform

Әбибаның Олимпиададағы белдесуін атыраулықтар да асыға күтті. Әсіресе, дзюдо, бокс секциясына қатысатын жас спортшылар әлсін-әлсін сағаттарына қарап, әлемдік додада бақ сынап жатқан спортшыға стадионда отырып қолдау көрсетті. 

Солардың бірі – Абдурахим Қазықов. Ол 6 жылдан бері дзюдомен айналысып жүр. Спорт шеберлігіне кандидаттық нормасын орындаған. Абдурахим – дзюдошы Әбиба Әбужақынованы Олимпиадаға дайындаған жаттықтырушы Мейіржан Есмағамбетовтің ұлы. 

«Әбиба әпкеміздің алғашқы белдесудегі жеңісіне қуанып тұрмын. Оның жеңісті жолы жалғасқанын қалаймын. Еліміздің Әнұранын шырқатып, елімізге жеңіспен оралса екен», - дейді Абдурахим Қазықов. 

Ал, Гауһар Зардемнің бокс үйірмесіне барғанына 7 жыл болған. Болашақта елдің намысын халықаралық додаларда асқақтатқысы келеді. 

«Әбиба әпкеміздің белдесуін тамашалауға келдік. Түпкі мақсатымыз – қазақстандық спортшыларға қолдау білдіру. Оның Олимпиада чемпионы болуына тілектеспіз», - дейді Гауһар. 

Еске сала кетелік, бұған дейін дзюдошы Әбиба Әбужақынова алғашқы белдесуінде қарсыласынан басым түскені жазған едік. Сондай-ақ ол екінші айналымда да жеңіске жетті. 

Соңғы жаңалықтар