Атыраулық ұстаз оқушыларға ұлттық асық ойындарын үйретіп жүр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраулық ұстаз Эльвира Ақбатырова оқушыларға ұлттық асық ойындарын үйретеді. Өзі 200-ден астам асық жинап, түрлі түске бояған.

Бұрын оның отбасы Қызылқоға ауданында тұрған. Кейін Атырау қаласына көшіп келген.
Қазір ол мұнайлы шаһардағы Қ.Сәтпаев атындағы № 19 мектеп-гимназиясының бастауыш сыныбына дәріс береді.

«Өзіміздің балаларымыз үшін асық жинаған едік. Балалар есейді. Енді асықты не істеу керек? Асықты оқушыларға ұлттық ойындарды үйрету үшін мектепке алып келдім. Оқушыларым алғашқыда асыққа таңырқап қарады. Бұрын көрмегендері де бар екен. Асыққа қызыққандары үйіне алып кетуге сұрады. Кейін оқушыларым асық жинай бастады. Сыныптағы ұлдарға асық ату, ал, қыздарға бес асық пен ханталапай ойындарын үйреттім. Бірінші сынып оқушыларына әріптерді асықтан құрастырдым. Асықпен ойын ойнау оқушылардың қол моторикасын дамытуыға септігін тигізеді», -дейді Эльвира Ақбатырова.
Оның айтуынша, ата-енесі, өзге де туыстары асық жинауға көмектескен. Асықты қына, шәй мен жүн бояуымен бояйды.

«Асық ойындарының баланың сымбатты болып өсуіне ықпалы бар. Өйткені, асық ойнаған бала иілу, жүру, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру мен ату секілді түрлі қимылды жасайды. Асық ойнаған бала мерген, көзі қырағы, қолы икемді, қимылы шапшаң болады. Ойлау қабілеті жақсарады, түстерді тез ажыратады. Әсіресе, асық ойындарын бастауыш сыныптарында оқушыларды сергіту үшін пайдаланамын», -дейді Эльвира Ақбатырова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 58 ел қатысатынын жазған болатынбыз.