Атыраулық заңгер компаниядан 6,1 млн теңге жалақысын өтеуді талап етті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Л» ЖШС жұмысқа қабылдаған заңгерге 6,1 млн теңгені төлемей келген. Ал заңгер жұмыстан шығуға мәжбүр болған. 

суд
Фото: freepik

Компания заңгері Ж. жалақы берешегін өндіру үшін Атырау қалалық сотына талап арызбен жүгінген.

– Сотта талап қоюшы Ж.-ның жауапкер «Л» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен еңбекақы бойынша берешекті өндіру туралы азаматтық іс қаралды. Талап қоюшы «Л» ЖШС-ға заңгер ретінде жұмысқа қабылданған. Еңбек шартына сәйкес оның лауазымдық айлық жалақысы 300 мың теңгені құраған. Алайда ұзақ уақыт бойы жалақы төленбегендіктен, талап қоюшы өз еркімен жұмыстан шығуға мәжбүр болған, - деп хабарлады қалалық соттан.

Есеп айырысу парағына сәйкес, талап қоюшы Ж.-ға жалақы бойынша берешегі 6 млн 178 мың 988 теңге болған. Талап қоюшы соттан жұмыс істеген күндеріне төленбеген жалақыны өндіруді сұраған.

– Азаматтық істі қарау барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді. Келісімшарттары бойынша жауапкер «Л» ЖШС талап қоюшы Ж.-ға 6 млн 178 мың 988 теңгені келісімде белгіленген мерзімге дейін төлеуге міндеттенді. Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, аталған істі жүргізу тоқтатылды, - деп мәлім етті Атырау қалалық сотынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Павлодарда 70 млн теңгеден астам қарызы бар борышкер ұсталғаны жазылған еді.

Соңғы жаңалықтар