Атқа мінген қазақ кеудесін ешбір жауға бастырмаған - атбегі
Өңірде жүйрік мініп, сәйгүлік баптаған атбегілер аз емес. Құбайдолла Биғазиев - соның бірі.
Оның айтуынша, ата-бабаларымыз осы жылқының арқасында ұлан-байтақ жерімізді қорғап қалды, бүгінде Қазақ елі өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, оны баянды ету жолында тынбай еңбектенуде. Ендігі міндет бабалар аманатына адалдық танытып, ат спортын одан әрі өрістету болмақ.
Атбегінің пайымдауынша, ежелден алаш жұрты туралы әңгіме болса, жылқы қатар аталған. Жүйрікті қазақ жанына балаған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын ер қанаты - жылқыны сүйетіндер, атбегілер қауымы да жылы қабылдады.
Мақалада атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны айтылғаны мәлім. Бабаларымыздан бізге қалған жылқыны баптау, атбегілік өнерін елімізде бүгінде қайта жаңғырту қолға алынып жатқаны, әрине, қуантады. Түрлі мерекелік шараларда бәйгелер ұйымдастырылғанда, даланы дүбірге бөлеген тұлпарлардың шабысынан қаны қызып, делебесі қозған қазақтың жаны жылқы малымен егіз екенін аңғаруға болады.
- Ат баптау да оңай өнер емес, осы жөнінде не айтар едіңіз ?
- Иә, көп адамның ат баптау ісіне батылы бара бермейді. Бұл өнер кенжелеп қалды деп те айта алмаймыз. Ең алдымен ат баптауға үлкен жүрек, тәуекел керек. Күтіп-баптаған сәйгүлік қана топтан озып шыға алады. Бұл үшін құлын кезінен баптау керек. Мысалы, ащы тері алынған соң қанжылым сумен жуындырған абзал. Жылқы түлігі табиғатынан тұнық су ішіп, шөптің шүйгінін жейді. Сол себепті төре мал тұқымын таза ұстау әр атбегінің күнделікті жұмысына айналуы тиіс. Мысалы, бәйгеге қосқан кейбір аттарымыз өзге өңірлерге барғанда сол жердің шөбін де жемей, суын да ішпей қоятын кез болып тұрады. Осыны ескеріп, өз ауылымыздың шөбін, суын бірге алып жүреміз. Жылқының тектілігінің бір дәлелі осы емес пе?
- Қазір қыс кезі, енді алдағы жылға дайындалып жатқан боларсыздар ?
- Иә, күні бүгін бәйге аттары күтімде тұр. Яғни қараша айының бас кезінен қаңтар айының ортасына дейін қылқұйрықтардың жілік майын толтырамыз. Арпа, сұлы беріп, күйін сақтауға тырысамыз. Қыстың ортасынан мамыр айына дейін жарату жұмыстары жүреді. Қыс мезгілінде ат тұяғында міндетті түрде таға болуы тиіс. Оны жарамдылығына қарай жиі ауыстырған абзал. Біз бүгінде тағаларды Алматы қаласындағы ветеринариялық дәріханалардан алдыртамыз. Бәрі де бәйге аттарының күтімі үшін керек. Сонда еңбектің нәтижесін көруге болады.
- Ат спортына көңіл бөлу кезек күттірмейтін мәселенің бірі екендігі белгілі. Атбегілерге бұған да үлес қосуға болады ғой ?
- Әрине, болады. Әзірге өңірде ат бәйгелері ғана жиі өтіп жүр. Ат спортының басқа да түрлеріне кеңінен көңіл бөлінсе, ол ойындарға ат баптауға дайынбыз. Оның үстіне әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Мысалы, бізде көкпар оңтүстіктегідей дамымаған. Жас өскіндей қаулап өсіп келе жатқан балаларды қаршадайынан аударыспақ, теңге ілу, көкпар сияқты спорт түрлеріне баулысақ, олар шымыр, намысын ешкімге жібермейтін батыл болып өсер еді. Тіпті спортпен дендеп айналыспаса да, арнайы орындар мен ауыл-аймақта жасөспірімдердің жаппай атқа мініп, серуендеуін ұйымдастырса, олардың жаны сергек, дені сау азамат болып қалыптасары анық.
Қорыта айтқанда, ішсе қымызы, жесе, еті пайдалы жылқы түлігін қазіргі заман талабына сай өсіріп, баптай білсек, одан тек қана ұтамыз.