«Атом стансасы қашан салынады?» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгiнгi санында «Әннің де естісі бар, есері бар» атты мақалада халық әндерiнiң бүгiнгi әншiлермен ретсiз өзгерiстерге ұшырауына қатысты өзектi тақырып көтерiлген.
«Халық өлеңі. Халық әні. Сөзі мен әні, мәні мен сәні жарасқан. Сондықтан бірде-бір жолын алып тастауға немесе сөзін өзгертуге болмайды. Өйткені, барлығы өзінің орнында. Ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, осы күнге аман-есен жеткен халық сөзін бұрмалау - қиянат. Қазіргі әншілеріміздің ән сөздерін өзгертіп айтып жүргенін естігенде жаныңды қоярға жер таппайсың», - деп қынжыла жазады мақала авторы.
«Белгілі әншіміз Мұхтар Шаханов сөзін жазған «Ақ бантик» әніндегі «Білмеймін, бойжетіп қалдың ба?» - деген жолды «Білмеймін, ержетіп қалдың ба?» - деп бұрмалап айтқанын да естідік. Қыз бойжетеді. Ұл ержетеді. Екеуін шатастыруға бола ма?», - делiнген материалда.
«Егемен Қазақстан» басылымында Еуропадағы жұмыссыздық пен дағдарыстың белең алып бара жатқандығы сөз болды. «Қазіргі таңда белең алған жұмыссыздықтың «жұдырығынан» өзгелерге қарағанда Еуропа мемлекеттері көбірек жапа шегіп жатыр. Өткен жылы мұнда бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер тіркелді. Дәлірегі, орта есеппен алғанда, жұмыссыздық деңгейі 12 пайызға өсті. Бұл - экономикасы дамыған, озық технологиямен қамтылған мемлекеттер үшін ауыр соққы», - делiнедi «Жаһанды жайлаған жұмыссыздық» атты мақалада.
«Алайда, олар қол қусырып қарап отырған жоқ. Жағаға жармасып, етекке оралған осы қиындықты жеңу үшін қолынан келгеннің барлығын жасап бағуда. Саланы сауықтыру мақсатында жұмсалған қаржыда, бейнелеп айтсақ, есеп жоқ. Бірақ, әбден меңдеп алған «кеселдің» беті қайтар емес. Бүгінгі Еуропада бес-алты адам жұмыс істейтін шағын цех жұмысын тоқтатса, ол трагедия ретінде қабылданатын жағдайға жеткендей. Бұдан біз қара жұмыстың қамытын әлдеқашан техниканың мойнына іліп, талайға кеудемсоқтықпен қарауға дағдыланып алған еуропалықтардың жүйкесі сыр бере бастағанын әрі алдын кесе-көлденеңдеген кедергілерден аттап өтуде қауқарсыздық танытып отырғанын аңғарамыз», - деп жазады «Егемен Қазақстан».
***
Ел Парламентінде «атом электр стансасын» салу мәселелерін заңдастыратын жобаның тұсауы кесілді, деп жазады «Айқын» басылымы «Атом стансасы қашан салынады?» деп аталатын мақалада.
Энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев мойындағанындай, АЭС-тің қай жерде салынатындығына қатысты соңғы шешім әлі қабылданбапты.
«Бірден айтайын, бұл тек жоспар ғана. Шешім тек халықпен кең талқылаудан кейін ғана қабылданады. Бізде екі алаң белгіленіп отыр. Оның бірі - Балқаш көлінің ауданы, «Шығанақ» темір жол стансасы мен «Үлкен» кенті арасы, екіншісі - Семей сынақ полигоны, Курчатов қаласы маңы» деп хабарлады ол депутаттарға.
«Кейбір сарапшылардың айтуынша, «Қазақстанның АЭС-ті Курчатовта салғанын Ресей қалап отыр: оның электр қуатын сатып алып, өзіне тасымалдау жақынырақ болатын» көрінеді. Ал Балқашқа, ең алдымен сол индустриялық өркендеуші өңірдегі артып келе жатқан қуатқа қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында таңдау түсуі мүмкін. Журналистер осы байламдардың дұрыс-бұрыстығын вице-министрден сұраған. Бұл оның ашуын туғызды: «Бұл сұрақта тақырыпқа мүлдем қатысы жоқ байламдар тым көп. Мұндай дәйектемелер ешқашан алдан тартылған емес. Мен журналистерді ақпаратты шынайы ұсынуға үндеймін! Сіздердің шындық емес ақпараттарыңыз қате түсінулерге соқтырады», -деді Б.Жақсалиев журналистерге, деп оның сөзі келтірілген мақалада.
«Айқын» газетiнiң кезектi бiр мақаласында телеарналар мен радиолар тiл туралы заңның сақтамай отырғандығы жазылған.
"Арзанқол, көшірме бағдарламамен эфир толтыруға көшкен арналар тілдік норманы сақтауда да заңбұзушылыққа жол беріп отыр. Осыған орай, электронды ақпарат құралдары тарапынан арнайы мониторинг жүргізілген. Мониторинг барысында, заңбұзушылық фактілері анықталғанын айтады вице-премьер Бердібек Сапарбаев. Бүгінгі күнге дейін кейбір телерадио компаниялары заңды белшесінен басып келген. Заңда көрсетілген талаптарды орындамаған. Тілдер туралы заң не деп еді? «Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламалар басқа тілдердегі теле-радио бағдарламаларының жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс», делінген. Алайда Үкімет қазақтілді бағдарламаның көрсетілімі елу пайызға жетпегенін анықтап отыр", - делiнген «Телеарналар талапты неге сақтамай отыр?» атты мақалада.
Мемлекеттік тілдегі бағдарламалар санының елу пайыздан кем болмау қажеттігі бұған дейін де талай мінбелерде айтылған. Тіпті заңдық талапты орындап жүрген арналар да баршылық.
«Алайда ол талаптар тілдік нормаға сай келе ме? «Қазақ тілінде көрсетіліп жүрген» хабарлардың дені - концерттер мен әзіл-сықақ театрларының бағдарламалары екені даусыз. Мәселен, 31-арна «Шаншар», «Алдараспан», «Нысана» театрларының шоу-концерттерін қайталап көрсетуден әсте жалыққан емес. Керісінше, сол шоу-бағдарламаларды көруден көрермен жалықты. Тіпті көрсе көз ұялатын жағдайға жеттік. Одан қала берді, телеарналар елу пайызды үнді сериалдарының шалағай аудармасымен толтыруға құмар болып алды. Эфирді шала сауатты «жұлдыздармен» толтыру да рейтинг жинаудың басты құралына айналған», - дейдi мақала авторы.
***
Алматы облысында шетелге қыз саудалаған бiр топ әйел қылмыскерлер ұсталды, деп хабарлайды ресми тiлдi «Экспресс К» басылымы. Үш әйелдiң екеуi қолға түстi.
"Үмiткерлердi таңдау барысына монша мен хауыздардың әкiмшiлiк қызметкерi кiрiсетiн болған. Әрбiр "түнгi көбелек" үшiн олар 300-400 доллар алып отырды. Саудагерлер негiзiнен аққұба және еуропалық нәсiлдi қыздарға басымдық беретiн көрiнедi. Облыстық IIД-нiң хабарлауынша, сутенерлердi қолға түсiру операциясы бiрнеше ай дайындалған", - делiнген «Эскадрон гетер летучих» атты мақалада.