Атпен серуендеу алаңы, зоосафари мен паркур аумақтары. Нұр-Сұлтанда қандай демалыс орындары ашылады

Қала кеңістігінің бір бөлігін дәл өзіміз жобалауымыз керек деп елестетіп көрейікші. Жұмысты неден бастаймыз? Ол орынды жобалауға ең басында қаланың осы бөлігінің тұрғындары қатысады. Әлеуметтік желіде онлайн парақшалар мен арналар ашылып, дәл сол алаңда қазірдің өзінде тұрғындар өз ұсынысын ортаға сала алады. Содан кейін жоба тұжырымдамасын белсенділер бекітіп, олар да ұсынысын береді.
«Кейінгі жылдары қала жобаларына тұрғындарды тарту бойынша біз үшінші деңгейге дейін жеттік. Үшінші деңгей дегеніміз – бұл қала халқының ойын ескеріп, олармен бірге шешім қабылдау процесі. Алдағы уақытта осы жұмысқа бұдан да көп қалалықтарды тарту көзделіп отыр», - дейді Нұрлан Сұлтамбеков.
Бүгінде кез келген азамат өзінің идеясын, ұсынысын Telegram арналарда бөлісіп, одан бөлек Урбанистика орталығына жүгінуіне болады.
Сонымен қатар қала тұрғындарымен бірыңғай байланыс нүктесіне айналған, қалалық коммуналдық қызметтердің барлық байланыс орталықтарын біріктіруге жол ашқан iKOMEK 109 байланыс орталығы бар.
Бір қызығы, iKOMEK-ті енгізу кезінде америкалық тәжірибе негізге алыныпты. АҚШ-та жүзге жуық қаланы қамтитын «311 сервисі» бар. Ол қызмет халыққа 4 мыңнан астам мемлекеттік және федералдық қызметті ұсынады екен.
«Біз болсақ ТМД-да азаматтармен қарым-қатынас жасаудың бірегей жобасын жасадық. Айтпақшы, АҚШ бұл модельді 28 жылдан бері кіріктіріп келе жатса, біз 6 айда енгіздік», - дейді iKOMEK109 қалалық орталығының жетекшісі Жанат Дүбірова.
Нұр-Сұлтан – спорт қаласы
Қазіргі уақытта елордада ең белсенді спортшылардың саны 340 мыңға жетеді. Олар үшін балалар, спорт және гимнастикалық алаңдарда ашық жаттығу құралдарының элементтері, стрит уоркаут және коньки алаңдары, үстел теннис алаңдары жабдықталған. Ал серуенді ұнататындарға орындық мен қоқыс жәшігі қойылып, әткеншек пен көлеңкелейтін шатырлар орналастырылған.
Кейінгі кезде көпір астындағы алаңды безендіру қала билігін де, халықты та қызықтыра бастады. Мысалы, мұндай учаскелер «Арқар» (Сарайшық көшесінің сол жағалауы мен оң жағалауын біріктіретін) және «Беласар» (Амангелді Иманов пен Қаныш Сәтбаев көшелерін жалғайтын) көпірінің астында бұрыннан бар. Ал Янушкевич көшесінің бойындағы паркур аймағы қазірдің өзінде жастар мен балаларды қызықтыратын орынға айналды.
Қала басшылығы таяу арада тағы бір паркур ойын алаңын салуға уәде беріп отыр. Ол балалар мен ересектерге арналған екі бөлікке бөлінеді. Жобада авторлық шағын сәулет формалары орнатылады.
Нұрлан Сұлтамбековтің айтуынша, жүгіру мен велосипед тебуді ұнаатындарға ыңғайлы болуы үшін Президент саябағы пен Триатлон саябағының веложолдары біріктірілген.
Әйтсе де бұл жаңашылдықтың соңы емес. «Велосипед инфрақұрылымы» жобасына сәйкес, алдағы 3 жылда жалпы ұзындығы 123 шақырым волежол салынады. Құрылыс қаржыландырғуға байланысты кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Мәселен, келесі жылы шамамен 46 шақырым жол төселіп, 22 велосипед тұрағы (Velo BIKE) салынады. Қалғаны алдағы екі жылда асфальт төселіп, қолданыстағы велотұрақтарға қосымша 29 жаңа байкерлер тұрағы қосылады.
Орталық бақ
Он жылға жетер-жетпес уақытта елорда едәуір өсіп, жаңа саябақтар мен скверлер пайда болды. Сәлден кейін кеше ғана отырғызылған ағаштар орталық саябаққа - Нұр-Сұлтанның ең ескі саябағымен теңесетіні анық. Мысалы, қаланың осынау көрнекі жерінде 127 жылдық қара терек өсіп тұр.
«Орталық саябақта жүгіру жолағы жабындымен ауыстырылып, жаңа гимнастикалық алаңдар орнатылды, стритбол алаңы жақсартылды», - дейді Нұрлан Қожахметұлы.
Абаттандыру мен көгалдандыру
Пандемия мен карантинге қарамастан биыл 150 аула мен 60 қоғамдық орынды абаттандыру аяқталды. Қаланың әртүрлі бөлігінде жөндеу және абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде «Жасыл белдеу» аумағында 15 млн, ал қаланың өзінде 1 миллионға жуық ағаш бар», - деген Нұрлан Қожахметұлы биыл 100 мыңға жуық жасыл желек отырғызылғанын қосып өтті.
Демалыс
Кейінгі жылдары елорда миллионер қала мәртебесіне ие бола отырып, аудан бойынша да, тұрғындар саны жағынан да айтарлықтай өсіп-өркендеп шыға келді. Өзіңіз білетіндей, елімізде мұндай мегаполистерді саусақпен санарлық. «Әйтсе де тұрғындарымыздың қалай тұрып жатқаны - біздің әрдайым ойымызға жүретін сұрақ», - дейді Нұрлан Сұлтамбеков.
Қаладағы күнделікті өмір жұмыс барысымен бірқалыпты жүріп жатса да, қалалықтардың демалыс күндері әр алуандығымен ерекшелене қоймайды. Мәселен, алматылықтар жұмыс аптасының соңында тауға шығады. Ал солтүстік астананың тұрғындары не істеуі керек? Осы сұраққа жауап бере отырып, Нұрлан Қожахметұлы қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы жүзеге асырып жатқан «Талдыкөл көлінен оңтүстік-батыстағы рекреациялық аймақ» жобасы туралы айтып берді.
Рекреациялық аймақ қаланың сол жағалауында, Қарқаралы тас жолы мен Оңтүстік-Батыс айналма жолының қиылысында орналасады. Оны дамыту жобасы қазірдің өзінде екі кезеңді қамтиды:
«Туристік бағдар»
Жобалаушылардың жоспары бойынша қала тұрғындары ұзындығы 15,5 шақырымды құрайтын атпен серуендеу алаңында жылқы мініп, қыдыра алады. Бағдар бойында демалыс орындары мен модульдік дәретханалар салынады. Ат ізі атшабар аумағымен тығыз байланыстырылып, демалыс аймағында орналасады. Жоба осы жылдың тамызында ғана басталған. Салып жатқан компания оны келесі жылы аяқтауға міндетіне алған.
Екінші жоба - Zoosafari. Жобада 3 шақырымдық серуендеу жолдары бар ормандағы табиғи бақ, сондай-ақ балалар ойын алаңдары мен 2 визит орталығы болады. Сафари бағының жалпы ауданы 277 гектар болатын 4 бөлікке бөлінеді. Оны күтіп ұстау үшін аймақта бақылау мұнарасы, ветеринарлық бекет, аңшылар үйі және жем сақтауға арналған ангар салынады.
Қазір бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жылдың соңына қарай жобаны жасаушылар сараптама тапсырып, келесі жылдан бастап құрылыс жұмыстарын бастайды.
«Жасыл белдеу» аумағындағы тағы бір нысан - қырғауылдарды мекен еткен орынды қалпына келтіру. Егер жоба осы жылдың соңына дейін аяқталса, онда 2021 жылдан бастап онда Жетісу қырғауылдары жіберіледі.
Қала кеңістігін жақсартуға тырысқан әкімдік қала маңын назардан тыс қалдырмауды көздер отыр.
Өткен айда «Көктал-1» тұрғын алабының ауданында аумағы 15 гектардан асатын саябақ ашылды. Нұрлан Қожахметұлының айтуынша, «саябақта баскетбол алаңы, футбол алаңы, волейбол алаңы, теннис корты және уоркаут корты бар. Сондай-ақ онда йога сабақтарына арналған орын да жабдықталған.
Жақында велосипедтерді жалға беретін екі пункттің құрылысын бастау жоспарлануда. Бірі Ильинка ауылы бара жатқан Қорғалжын тас жолының бойында, екіншісі Қосшы ауылында болады.
Материалда Streets of Astana фейсбук парақшасы мен Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтының иллюстрациялары қолданылады.