Аттестаттау: Ішкі істер органының 10 мың 700 қызметкері қызметіне лайықты емес деп танылды
73 мыңнан астам қызметкер аттестаттаудан өтті. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай айтты.
«Оның ішінде 2 мыңға тарта ішкі істер қызметкері аттестаттаудан бас тартып, ішкі істер органынан жұмыстан шығып кетті. Ал шараның нәтижесінде 10 мың 700 адам өздерінің атқаратын қызметіне лайықты емес деп танылды. Оның ішінде 3 мың 900-і жұмыстан шығарылса, 2 мың 700 қызметкердің лауазымы төмендетілді», - деді Қалмұханбет Қасымов.
Сонымен қатар, ведомство басшысы кадрлармен жұмыста көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алғанын да атап өтті. «Бұл біздің тарапымыздан шешілуге тиісті ең қиын міндеттің бірі шығар. Әлі де кадрлардың жұмыстан кетуі бәсеңдеген жоқ. Мәселен, биыл ішкі істер органдарына 5 мың 800 адам қызметке алынса, есесіне 9 мың 400 адам жұмыстан шықты», - деді ол.