Ату немесе орталыққа орналастыру: Бұралқы иттердің мәселесі қалай шешілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелерге тоқталды. Соның бірі – бұралқы иттермен күресудің тиімді жолын ұсыну және тұрғындардың қауіпсіздігі. Бұл орайда жауапты органдар проблеманы заңға сілтеп, оны шешуге құлықсыз болып отыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі кейінгі жылдары бұралқы иттердің шабуылымен байланысты резонансты оқиғалар хронологиясын әзірлеп, мәселені шешу үшін мамандар не ұсынатынын анықтап көрді.
None
Фото: funart.pro

Президент: Жағдайға бақылау жасаудан айрылып қалуымыз мүмкін

Кейінгі кездері елімізде ит қауып алу оқиғалары жиіледі. Атап айтқанда, жарты жыл көлемінде республикамыздың әр өңірінде орта есеппен осындай 700-1500 факті тіркеліп отыр. Оның ішінде балаларға жасалған шабуылдар саны артып барады. Өткен жылдың соңы мен осы жылдың басынан бері әр облыс пен қала әкімдіктері үй жануарларын ұстау мен серуендетудің ережелерін әзірлеп, бекітіп жатыр. Алайда, бұл бағыттағы деректер азаяр емес. Аталған мәселеге кеше еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Президент сөзінше, құзырлы орғандар тиісті заңнамаға сілтеп, проблеманы шешуді қолға алмай отыр.

«Мүмкін бұл Президент деңгейдегі мәселе емес те шығар. Бірақ, ол жайында айтуыма тура келіп отыр. Маған барлық облыстан бұралқы иттерге қатысты үнемі шағым түседі. Тиісті заңнамаға сілтеп, билік өкілдерінен ешкім онымен айналыспай отыр. Бірақ, мұндай жолмен жүріп, жағдайға бақылау жасаудан айрылып қалуымыз мүмкін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қоса, Мемлекет басшысы бұралқы иттердің адамдарға, әсіресе балаларға шабуылдауы мүмкін екені жайлы ақпараттардың таралып жатқанына назар аудартты.

«Біз жан-жануарларға қамқорлықпен қарауымыз қажет. Бірақ, олардың адамдарға, әсіресе, балаларға қатысты шабуылына жол бермеуге тиіспіз. Бұған қоса, бұралқы иттердің шабуылына тап болғандардың саны артып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Барлықтарыңызға іс-шара қабылдауды тапсырамын», - деп тоқталды Президент.

Ит шабуылына қатысты резонансты оқиғалар хронологиясы

Осы орайда, кейінгі жылдары елімізде болған резонансты оқиғаларға тоқталсақ. Мәселен, 2015 жылы 29 қыркүйекте Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласында 5 жасар баланы үйіндегі ит қауып алып, біраз уақыт өткен соң бүлдіршін ауруханада көз жұмды. Бұған қатысты түсініктеме берген өңір эпидемиологтары ит тістегеннен кейін алғашқы күндері бала дәрігерлердің бақылауында болмағанын алға тартты. Сонымен бірге, бүлдіршіннің туыстары иттің сау екеніне сенімді болған. Ауылдағы медицина қызметкері де бұл факті туралы айтпаған, ал ветеринарлар итті тексермепті. Нәтижесінде салғырттық танытқан мамандар жазаланды.

Бұдан кейін, яғни 2018 жылы 4 наурызда тағы да Қостанай облысындағы Жітіқара қаласының тұрғынын ит талап өлтірді. Мәлім болғандай, ол кезде кәсіпорынның маңынан өтіп бара жатқан 59 жастағы ер адамға ит тап берген. Алған жарақат салдарынан ол облыстық ауруханада көз жұмды. Ал, ит сол кәсіпорынға тиесілі болған. Бұған қатысты жергілікті полиция департаменті тек ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша («Иттерді серуендету қағидаларын бұзу арқылы адам денсаулығына зиян келтіру») әкімшілік іс қозғады.

Фото: oryolcity.ru

Дәл осы жылы, 2018 жылдың 8 қарашасында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Онда Талдықорған қаласына қарасты Мерекелік саяжайында 7 жастағы баланы питбуль тұқымды ит талап, ол ауруханада көз жұмды. Денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі мәліметіне сай, бүлдіршін 6 қараша күні өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ал келесі күні алған жарақат салдарынан қайтыс болды. Полиция департаменті бала өліміне байланысты ҚР Қылмыстық кодекстің 104-бабы бойынша іс қозғады.

2019 жылы 29 наурызда Алматы қаласында ротвейлер тұқымды екі ит 3 жастағы қызды талап өлтірді. Қайғылы оқиға Рысқұлов көшесіндегі Самғау шағын ауданында болды. Аулада жүрген иттер өз иесінің қызына бас салып талаған. Бүлдіршін Жедел жәрдем келгенше, оқиға орнында жан тапсырды. Баланың қол-аяғы, денесі таланған, бас сүйегі сынған. Кейін Алатау аудандық полиция басқармасы қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-текеруді бастады. Олардың дерегінше, бұл жағдай болған кезде қыздың әкесі үйде болған.

2019 жылдың 12 тамызында елордада алабай тұқымды ит 4 жасар баланы қауып алды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, баланың бүкіл денесінде және басында ит тісінің ізі қалған. Ол жолы қуанышқа орай, қан-жоса болған бүлдіршінге шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, ол аман қалды.

Фото: PEXELS

Дегенмен араға бірнеше ай салып, 2019 жылдың 30 қарашасында Алматы облысында 8 жасар баланы неміс овчаркасы талап өлтірді. Қайғылы оқиға Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында болған. Сол кездегі полиция департаментінің мәліметінше, балаға шабуыл жасаған ит сол отбасының өзіне тиесілі. Көп күттірмей арнайы қызмет мамандары иттің көзін жойды.

2020 жылы 15 наурызда Қызылорда облысы Арал ауданында 7 жасар баланы алабай тұқымды ит талап тастады. Уақтылы жеткен Жедел жәрдем қызметінің мамандары балаға медициналық көмек көрсетті. Ал, бос жүрген ит көше бойында кетіп бара жатқан адамдарға қауіп төндіргендіктен, оны полицейлер атып тастаған.

Бұдан кейін 2021 жылдың 5 қазанында Ақтау халықаралық әуежайында қаңғыбас ит балаға шабуыл жасады. Онда бүлдіршінді қорғауға тырысқан әкесі де жарақат алған. Абырой болғанда, әуежай медициналық қызметінің мамандары зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті. Кейін әкесі мен ұлы облыстық аурухананың дәрігерлеріне жүгінген.

Ал, бір жылға жетпейтін уақыт ішінде тағы тір жантүршігерлік жағдай тіркелді. 2022 жылдың 9 маусымында Ақтөбеде ит талап тастаған 12 жастағы баланың денесі табылды. Бұл оқиға қоғамның наразылығын тудырды. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар жергілікті биліктің салғырттығын айтып, сынға алып жатты. Айта кетейік, бұл жағдай Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын үй алабында болған. Сол кездегі полиция департаментінің мәліметіне сай, бала көп қан жоғалтқан, сонымен бірге бас және дене жарақатын алған. Салдарынан ол қаза тапты. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Артынша, марқұм Мадияр Шәкіраттың әжесі ит иесін жазалауды талап етті.

Фото: cs14.pikabu.ru

Сонымен бірге, 2022 жылы ит қауып алған Түркістан облысының тұрғыны құтырма ауруынан қайтыс болды. Ол азамат ит тістегеннен кейін дәрігерге уақтылы жүгінбеген. Нәтижесінде, жұқтырған құтырмадан қайтыс болды.

Ит қауып алу деректері жиілеген өңірлер

Облыстарда ит қауып алу, талау деректері жыл сайын артып барады. Бұл мәселеге назар аударған Президент аталған проблемаға әкімдіктердің салғырттығы себеп болып отырғанын айтты. Мәселен, өткен жылы мұндай деректер көп анықталған өңірдің бірі - Түркістан облысы.1 жыл ішінде мұнда6 мыңға жуық тұрғын жануарлардан жарақат алған. Оның ішінде 5 968 азамат медициналық көмекке жүгінген.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында 1400-ге жуық адамды ит қапқан. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға көп. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, өткен жылы үш айда жануарлардың шабуылы салдарынан 384 адам антирабиялық көмекті қажет еткен. Соның ішінде 73,4 пайызы иттен, 21 пайызы мысықтан, 3,1 пайызы өзге үй жануарларынан зардап шеккен.

Бұралқы иттердің шабуылы басылмай тұрған өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр 891 адамды ит қапқан. Оның басым бөлігі – иесі бар иттер. Ит талағандардың 352-сі 18 жасқа толмағандар. Зардап шеккендердің 886-сы құтырма ауруына қарсы вакцина алды.

Ал Алматы қаласында өткен жылы 1400-ден астам адамды ит қауып алды. Қалалық ветеринария қызметінің ақпаратына сай, шабуыл жасаған жануарлардың басым бөлігі қаңғыбас иттер.

Сонымен бірге, былтыр 5 айда Қызылорда облысында 306 адамды ит қапты. Жарақат алғандардың үштен бір бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылы облыста әртүрлі жануарлардың тістеуі, тырнауы, сілекейінен зардап шеккен 349 адам медициналық көмекке жүгінген.

Ату немесе аулау: Министрлік қайсысын қолдайды, ал мамандар не ұсынады?

Күні кеше Президент төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінен кейін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова иесіз иттердің мәселесі бойынша қолға алынатын шаралар туралы мәлімет берді.

«Шынымен де иесіз иттерге байланысты шағым көп. Экология министрлігінің иесіз жануар күтімінің жауапкершілігіне байланысты шұғыл желі құруындағы себептің бірі осы шағымдардың көптігінде еді. Шағымның сипаты әркелкі. Біреулер жануарларға деген қатігездікке шағымданса, тағы бір топ жабайыланып кеткен үй жануарларының адамға шабатынын алға тартады. Ірі денелі итін қараусыз жіберетін адамдар да бар. Олар балаларға шабуы мүмкін», - деді министр.

Сондай-ақ, ведомство басшысы жануарлардың күтіміне байланысты заң қолданысқа енгелі көп болмағанын еске салды.

«Жануар күтімінің жауапкершілігі туралы заңның жаңа құжат екенін түсіну керек. Нормаларының бәрі бірдей күшіне еніп үлгерген жоқ. Мысалы, үй хайуанаттарына чип салуды міндеттейтін норма 1 қыркүйекте күшіне енеді», - деді Зүлфия Сүлейменова.

Сондай-ақ, министр иесіз иттер ұстайтын орындарға қойылатын талаптар біріздендірілетінін атап өтті.

Ал Астана қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің мамандары үй жануарларын міндетті чиптеуді және стерилизациялауды бюджет қаражаты есебінен жүргізу қаңғыбас жануарлардың санын реттеуге мүмкіндік беретінін мәлім етті. Оған қоса, асыл тұқымды иттерді ұстап, оларды көбейтумен айналысатын адамдарға арнайы лицензия беру талабын қарастырып, «асыл тұқымды иттер мен мысықтар реестрін» құруды ұсынып отыр. Бұл бастамалар қазіргі уақытта уәкілетті органға жолданған.

Фото: klkfavorit.ru

«Заңды әзірлеуші Экология және табиғи ресурстар министрлігі болғандықтан, әкімшілік тарапынан да аталған бағытта заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар жіберілді. Бұл мәселе жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті органмен қарастырылуда. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін атап өтеміз. Бұл бағытта жүргізілетін шаралар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, Заң шеңберінде жалғасын табады», - деп мәлім етті Ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінен.

Биыл Астана қаласы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға
143 млн теңге және оларды уақытша ұстауға 74 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл қаражат «Астана ветсервис» мекемесінің жалақы қорына, коммуналдық шығындарға және салықтарға да жұмсалады.

Мамандар Президенттің кешегі тапсырмасынан соң, мәселені шешудің өзге жолдары талқыланып жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар