Атырау әкімі ескерткіш маңында көгершіндерге нан қалдығын шашпауды ұсынды

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаеввтың ескерткішіне қатысты мәселе алаңдатып отыр.
«Қаламыздың аға буын өкілдерін, көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматты мазалайтын мәселелерінің бірі – қазақтың мақтанышы, ұлт зиялысы, еліміздің тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевқа орнатылған ескерткішінің бүгіндегі сиқы. Бұған себеп, ел сыйлаған ағамыздың жалғыз ескерткішінің маңы құстардың мекеніне айналған. Тазалық жұмыстары жүргізілгенмен, қайтадан қоректенуге келген құстардың саңғырығынан аяқ алып жүру мүмкін емес, Антисанитарлық жағдай десек, артық болмас. Осы мақсатта қала тұрғындарына бұл жерде құстарды қоректендірмеуге ұсыныс білдіремін, Әрі арнайы хабарландыру жазылып, таратылатын болады. Өмірден өткен ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату еліміздің тарихын, елдігімізді білдіреді. Осыған байланысты полиция басқармасының басшылығына алдағы уақытта көгершіндерге тамақ қалдығын тастағандарға абаттандыру қағидасын бұзғаны үшін құқық бұзушылық талаптарына сай шара қолдануды тапсырдым», -деп хабарлады Шәкір Кейкин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әкімнің айтуына қарағанда, қазақтың маңдайына біткен академиктің ескерткішіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан, оның ұсынысын тұрғындар қолдайтынына сенеді.
«Әрине, көгершін – бейбітшілік символы екені сөзсіз. Бірақ, бүгінгі ескерткіш басындағы көрініс бұл түсінікке сай келмейді. Сол себептен, қала тұрғындарын бұл жерде көгершіндерге нан қалдықтары мен басқа да тағамдарды тастамауға шақырамын», -деп мәлім етті Шәкір Кейкин.
Еске сала кетелік, бұдан бұрынСарайшықта өтетін ұлттық құрылтайда Қасым хан ескерткіші ашылатынын жазған болатынбыз.