Атырау әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі берілсе - сенатор С. Еңсегенов

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сәрсенбай Еңсегенов осындай мәселе көтерді.
«Қазақ батыр қыздарының бірегейі - Хиуаз Доспанова. Ағымдағы жылдың 15 мамырында Халық қаһарманы, қазақтың батыры Хиуаз Доспанованың туғанына 90 жыл толады. Сондықтан да халқымыздың даңқты қыздарының есімін елдің жадында мәңгіге қалдыру үшін облыс жұртшылығы Атырау әуежайын Хиуаз Доспанованың атымен атау туралы ұсыныстарын білдіріп жатыр», - дейді С. Еңсегенов. Оның айтуынша, Атырау халықаралық әуежайына Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсеткен, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін беру әбден лайықты шара болмақ. «Бұл біздің аға ұрпақ өкіліне құрмет қана емес, болашақ жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудегі маңызды қадам болатынын ескеру керек», - деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, ұлтымыздан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш қыз Ұлы Отан соғысы жылдарында әйелдерден құралған 46-шы гвардиялық ұшқыштар полкінде әскери міндетін атқарды. Ол 1942-1945 жылдар аралығында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысты. Ерлігі үшін Кеңес одағының «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Х. Доспанова республикалық деңгейдегі лауазымды қызметтер атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлесін қосты. ҚР Президентінің Жарлығымен 2004 жылы Хиуаз Доспановаға Халық қаһарманы атағы берілді.