Атырау дәрігерлері тізе буынын ауыстыру технологиясын меңгеруде

- Мұны буындарды эндопротездеу деп атауға болады - бұл атыраулық дәрігерлердің травматологиялық бағыттағы жұмыстарды дамытудың жаңа кезеңі. Бұл технологияны біздің травматолог Краснодар өлкесі клиникаларының бірінде меңгеріп қайтты, мұндай операциялар онда бұрыннан ойдағыдай жасалып келеді. Атырауда алғашқы операцияларды жасауға Астана қаласынан Травматология және ортопедия институтынан маман шақырылды. Тізе буынын ауыстыруды қажет ететін алты науқас әзірленді. Астаналық маманның бақылауымен барлық операцияларды біздің хирург ойдағыдай өткізді, - деді ҚазАқпарат тілшісіне облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын Шомыров.
Сөйтіп, атыраулықтардың емделу үшін Қазақстанның басқа қалаларына немесе көршілес мемлекеттерге баруының қажеттігі болмай қалды.
«Біз барлық операцияларды кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінде тегін жасаймыз. Клиниканың жоғары технологияларды қолдана отырып жасайтын операциялар шығынын мемлекет төлейді, - дейді С.Шомыров.
Облыс тұрғыны тізе буынын ауыстыру қажет болса, шағын тексеруден өтіп, рентгенге түседі, одан кейін облыстық аурухананың консультациялық-диагностикалық орталығынан өтеді де ортопедтің қабылдауына кіреді. Егер оған буынды ауыстыру қажет болса, операцияға кезекке қойылып, ауруханаға жатқызуға құжаттар рәсімделеді.