Атырау емханаларында ПТР-тест өткізуге бюджет қаржысы негізсіз жұмсалған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау емханаларында ПТР-тест өткізуге бюджет қаржысы негізсіз жұмсалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау емханаларында ПТР-тест өткізуге бюджет қаржысы негізсіз жұмсалған

Атырау қалалық прокурорының орынбасары Нұржан Әбіловтің айтуынша, бюджет қаржысын заңсыз жұмсау дерегі анықталған.

«Прокурорлық тексеру кезінде Атырау қаласындағы №4 емханада тегін ПТР тексеруден өтуге жатпайтын 20 адамға тиісті жолдамалар негізсіз беріліп келгені анықталды. Осылайша 162 мың теңге бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалған. Осыған ұқсас заң бұзушылық №3, №5, №7 және Геолог емханаларында да анықталды. Прокурорлық қадағалау шараларымен заңсыз жұмсалған 1,5 млн теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылды. Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Нұржан Әбілов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау перзентханаларында қызметтер бағасы негізсіз өсірілгенін хабарлаған болатынбыз.