Атырау-Индер бағытындағы бір шақырым жолды жөндеуге 487 млн теңге жұмсалған - тексеру жүргізілмек

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудан Ресейге қатынайтын жол құрылысына кешенді тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Тексеруді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен облыстық прокуратура жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Бұл туралы қоғам белсенділерімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру аясындағы проблемалық мәселелерді талқылау кезінде айтылды. Кездесуде автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін мәселелер көтерілді.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалының сарапшысы Арман Әбсеметовтің айтуынша, автомобиль жолдарының сапасына қоғамдық мониторинг жүргізіле бастаған.

«Индер ауданының тұрғындарымен жолдарды салу және қайта жаңарту саласындағы ауданның проблемалық мәселелерін талқылау мақсатында кездесу өткіздік. Бұл ауданның белсенді азаматтары, мәслихат депутаттары жүк тасымалдаушылардың шамадан тыс жүктемесіне байланысты жол сапасы нашарлағанына ренішін білдірді. Осы орайда мынадай сұрақ туындай: 5-6 адамның қалтасы маңызды ма, әлде аудандағы 30 мыңнан астам тұрғынның мүддесі маңызды ма? Әрине, тасымалдаушыға заңнамада белгіленген талаптар аясында жүк тасымалдау тиімсіз. Егер тасымалдаушының жолына кететін шығын мен аз табысты ескеретін болсақ, онда бұл сандар математикалық, логикалық немесе моральдық тұрғыдан салыстыруға келмейді» -дейді Арман Әбсеметов.

Оның мәліметіне сүйенсек, Атырау-Индер бағытындағы жолдың 10 шақырымына қайта жаңғыртуға бюджеттен 4 млрд 876 млн 438 мың теңге бөлінген. Демек, 1 шақырым жолды жаңғыртуға 487 млн теңге жұмсалады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті превенция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғибат Кукатовтың айтуынша, республикалық, облыстық маңызы бар, оның ішінде Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейін қатынайтын жол құрылысына кешенді тексеру жүргізуді жоспарланып отыр. Тексеру облыстық прокуратураның өкілдерімен бірге жүргізіледі.

«Біздің ойымызша, жол құрылысында сыбайлас жемқорлықтың алғышарттары бар. Соған байланысты бюджеттік қаражатты ұрлау фактілерінің алдын алу бойынша жұмыс жүргізіледі», -дейді Ғибат Кукатов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жолаушы тасымалдау шығынын субсидиялау ұсынылғанын https://kaz.inform.kz/news/atyrauda-zholaushy-tasymaldau-shygynyn-subsidiyalau-usynyldy_a3972335 хабарлаған болатынбыз.


Автор: Бек Мұстафа


Соңғы жаңалықтар