Атырау қалалық соты жұмыстан заңсыз шығарылған жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта орналастырды

Талап арызында ол өзінің кәмелетке толмаған екі баланың анасы, жалғызбасты жесір әйел екенін, 2014 жылдан бастап «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС-нің мейманханалық қызмет көрсету бөлімінде вахталық ауысыммен еден жуушы болып жұмыс істегенін атап көрсеткен. 2015 жылдың қазан айында ол Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағының 6) тармақшасы негізінде үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған деген себеппен жұмыстан шығарылған.
Істі сотта қарау барысында С.Өтебаеваның вахтадағы жұмыс уақытында оның туыстары телефон арқылы хабарласып, оның баласының қатты науқастанып қалғаны жөнінде хабар бергені анықталды. С.Өтебаева басшылықтың рұқсатымен үйіне шығады, бұл мәселе бойынша ешкім оған қарсы пікір айтпайды. Талап қоюшы баласының науқастанып қалуы себепті жұмыс орнында 2015 жылдың 26-27 қыркүйек аралығында болмаған. Бұл жағдай жедел жәрдем қызметінің дабыл парағымен, дәрігердің анықтамасымен және еңбекке жарамсыздық парағымен расталды.
Атырау қалалық соты істің барлық құжаттарын зерделеп, заңсыз жұмыстан шығарылған екі баланың анасын бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және амалсыздан бос жүрген уақыттарына төлемақы өндіру жөнінде шешім қабылдады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.