Атырау мен Маңғыстаудағы төтенше жағдай Президенттің бақылауында: мемлекеттік комиссия құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы төтенше жағдай Президенттің бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қасым-Жомарт Тоқаев апаттардан кейін Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында туындаған жағдайды ұдайы бақылауда ұстап отыр

Президент апаттардың себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады», - деп жазды Ақорданың әлеуметтік желідегі ресми парақшасы.

Үкіметке аталған кәсіпорындарды қысқа мерзімде жұмыс жағдайына келтіру туралы тапсырма берілген.

«21:30-дағы жағдай бойынша Атырау облысында электр энергиясын беру толық қалпына келтірілді», - деп жазды ведомстводан.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалғанын жазған болатынбыз.

Артынша, жергілікті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі электр қуатының өшу себебін айтты.

«Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының №1 энергия блогының апаттық жағдайда ажыратылуына байланысты жиіліктің төмендеуі байқалды. Осыған байланысты Атырау облысының электр станциялары оқшауланған жұмыс режиміне көшті. Бұл режим «Теңізшевройл», NCOC компаниялары мен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да іске қосылды. Ал, Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы Дамбы ауылынан орталықтағы шағынаудандар мен Талғайраң елдімекеніне дейінгі аралығы электр жарығымен толық қамтылды. Қазір «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-дан шығатын 35 кВ желісі қосылды. Енді Атырау қаласының қосалқы станциясынан шығатын фидерлер қосылады», - деп мәлім етті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметінен.

Содан соң Атырау облысы әкімдігі жарықтың жанғанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар
telegram