Атырау мұнай өңдеу зауыты К5 класындағы бензинді жөнелте бастады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауыты К5 класындағы бензинді жөнелте бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: primeminister.kz

«АМӨЗ» ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, биылғы шілдеде зауытта Еуро-5 экологиялық таза бензинінің баламалы түрі К5 класындағы АИ-92 жанармайын шығару басталған.

Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар көлемін азайтуға бағытталған іс-шарасы аясында қолға алынған жанармай. Аталған экологиялық отынның құрамындағы күкіртті қосылыстардың көрсеткіші К4 класымен салыстырғанда 5 есе аз. Оның құрамында бензол тектес хош иісті көмірсутектер мен өзге де қоспалардың мөлшері шектеулі. К5 класындағы отынды пайдалану кезінде улы заттардың шығарындыларын азайту адам денсаулығына зиянды әсерді, оның ішінде тітіркену мен тыныс алу органдарының ауруларын, қабыну процесін, жүйке және жүрек-тамыр жүйесіне кері әсерлерді азайтуға септігін тигізеді», -деп хабарлады кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімі.

Зауыт мамандарының түсіндіруінше, K5 класты бензинді пайдалану автокөліктердің жұмысына оң әсер етеді.

«К5 стандартты бензинін шығаруға зауыттағы үш кезеңді жаңғырту аясында жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосудың нәтижесінде қол жетті. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында К5 стандартымен АИ-92 автобензинін өндірудің орташа тәуліктік көрсеткіші 5,5 мың тоннаны құрайды», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқанын жазған едік.

Кейін жанар-жағармай өнімдерін шығару жұмыстары қайта жанданғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар