18:50, 14 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Атырау мұнай өңдеу зауыты сұйытылған газды көлікпен әкетуге тыйым салған жоқ
Атырау мұнай өңдеу зауыты сұйытылған газды көлікпен алып кетуді шектеуге байланысты ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АМӨЗ» ЖШС қоғаммен байланыс тобы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми мәлімдеді.
«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралында «АМӨЗ» ЖШС БҚО және Атырау облысына сұйытылған газды автокөлікпен алып кетуді шектеді деген ақпарат тарады. Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлаймыз. Зауыт тәулігіне 500-550 тонна сұйытылған газ өндіреді. Энергетика министрлігі бекіткен 2023 жылдың қыркүйек айына арналған жеткізу жоспарына сәйкес Атырау облысына 5 064 тонна, Батыс Қазақстан облысына 2 940 тонна сұйытылған газ бөлінді. Кеше, 13 қыркүйектегі мәліметке сәйкес Атырау облысына 3 236 тонна, яғни жоспарланған көлемнің 64%, БҚО-ға 1 288 тонна – 44% көлемінде сұйытылған газ жөнелтілді», -деп хабарлады компанияның қоғаммен байланыс бөлімі.
АМӨЗ-де сұйытылған газ Энергетика министрлігінің жоспарына сай жөнелтіліп жатыр.
Өндіріс қалыпты жұмыс істеп тұр. Сұйытылған газдың тиісті көлемі шектелген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейінАтырау мұнай өңдеу зауыты К5 класындағы бензинді жөнелте бастағанын хабарлаған едік.
К5 стандартты бензинін шығаруға зауыттағы үш кезеңді жаңғырту аясында жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосудың нәтижесінде қол жетті.
Атырау мұнай өңдеу зауытында К5 стандартымен АИ-92 автобензинін өндірудің орташа тәуліктік көрсеткіші 5,5 мың тоннаны құрайды.