Атырау мұнай өңдеу зауытында бұзылған қондырғы жөнделіп бітті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытында бұзылған қондырғыны жөндеу аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қондырғыны жөндеу 18 ақпанға дейін жалғасатынын жазған едік.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, бекітілген мерзімге сәйкес каталитикалық крекинг қондырғысы жөндеу аяқталып, іске қосу жұмысы жүргізілген.

Қазір зауыттың технологиялық жабдықтары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

«Биылғы 1 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытында регенераторларда температураның көтерілуіне байланысты каталитикалық крекинг қондырғысының жұмысы апатты түрде тоқтатылды. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайрденов жетекшілік еткен жедел штаб құрылды. Жедел штаб каталитикалық крекинг процесінің лицензиары – француздық Axens компаниясының өкілдерін, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының мамандарын тартып, кәсіпорын мен мердігер мекеме мамандарының тәулік бойғы жұмыс істеуін ұйымдастырды. Қондырғыны жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде жедел штаб өзге екі мұнай өңдеу зауытының оңтайлы жүктелуі мен тұрақты жұмысын бақылауға алды», -деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі.

Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытындағы оқиғаның себебіне нақты талдау жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, зауыт жұмысындағы тәуекелдерді барынша азайту, тұрақты технологиялық процесті қамтамасыз етуге қатысты іс-шаралар кешені әзірленіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қондырғы бұзылған: Атырау мұнай өңдеу зауыты басшысының бірінші орынбасары жұмыстан босатылғаны хабарланған еді.

Атырау мұнай өңдеу зауытында қондырғы жұмысының тоқтатылуына байланысты «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 3 ақпанда кәсіпорын басшылығымен кеңес өткізді.

Кеңестен кейін «АМӨЗ» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабылов қызметінен босатылды.

Кейін ол кәсіпорынның департамент жетекшілігіне оралды. Ал, зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс жарияланды.

Фото: anpz.kz


Соңғы жаңалықтар