Атырау мұнай өңдеу зауытында бұзылған қондырғыны жөндеу аяқталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) бұзылған қондырғыны жөндеу аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Биылғы 1 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысы жұмысын тоқтатқан болатын. Осы оқиғаға байланысты «АМӨЗ» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабылов қызметінен босатылды, кәсіпорынның бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс жарияланды.

Кейін жөндеу жұмыстары 18 ақпанға дейін жалғасатыны, қондырғы 22 ақпанда іске қосылатыны хабарланған болатын.

Бүгін зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, бекітілген мерзімге сәйкес каталитикалық крекинг қондырғысын жөндеу аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілді. Қазір зауыттың технологиялық жабдықтары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

«Биылғы 1 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытында регенераторларда температураның көтерілуіне байланысты каталитикалық крекинг қондырғысының жұмысы апатты түрде тоқтатылған болатын. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайрденов жетекшілік еткен жедел штаб құрылды. Жедел штаб каталитикалық крекинг процесінің лицензиары – француздық Axens компаниясының өкілдерін, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының мамандарын тартып, кәсіпорын мен мердігер мекеме мамандарының тәулік бойғы жұмыс істеуін ұйымдастырды. Қондырғыны жөндеу-қалпына келтіру кезінде жедел штаб өзге екі мұнай өңдеу зауытының оңтайлы жүктелуі мен тұрақты жұмысын бақылауға алды», - деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімінен.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы оқиғаның себебіне анализ әлі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ зауыт жұмысындағы тәуекелдерді барынша азайту, тұрақты технологиялық процесті қамтамасыз етуге қатысты іс-шаралар кешені әзірленуде.

Фото: m.azh.kz


Соңғы жаңалықтар