Атырау мұнай өңдеу зауытында қондырғы мәжбүрлі түрде тоқтатылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысы мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Бұған сұйытылған газдың уақытылы шығарылмауы себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қоймасында сұйытылған газ сақтайтын бос орын қалмаған.

«Аймақтардағы газжелілік мекемелердің сұйытылған көмірсутек газын дер кезінде тасып шығармауына байланысты биылғы 10 қаңтарда АМӨЗ каталитикалық крекинг қондырғысының және оған қатысты технологиялық нысандардың жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатты. Бірқатар технологиялық қондырғылардың тоқтауы нәтижесінде «Атырау МӨЗ» ЖШС келесідегідей мұнай өнімдерін шығару көлемін азайтты. Мәселен, сұйытылғын көмірсутекті газ тәулігіне 500 тоннадан 20 тоннаға дейін, автобензиндер тәулігіне 6000 тоннадан 1 500 тоннаға дейін, дизельді отын тәулігіне 4 000 тоннадан 2 000 тоннаға дейін. Жоғарыда айтылғандардың негізінде бекітілген өндірістік жоспардан ауытқымау мақсатында «АМӨЗ» ЖШС басшылығы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарының әкімдіктерін Энергетика министрлігінің бөлу жоспарына сәйкес «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нен сұйытылған көмірсутек газын тасып шығару жұмыстарын ұйымдастыруды сұрайды», -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімін.

Энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес Ақтөбе облысына 464 тонна, Қызылордаға – 1 977 тонна, Қостанайға – 3 683 тонна, Батыс Қазақстан облысы үшін 3 589 тонна сұйытылған газ бөлінген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеуден соң тәулігіне 400 тоннаға дейін газ өндірілетінін хабарлаған едік.

Фото: anpz.kz

Соңғы жаңалықтар