Атырау мұнай өңдеу зауытында күмәнді мұнай көлемі 14 есеге төмендеді - Қаржы полициясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығу тегі күмәнді өңделген мұнай көлемі Атырау мұнай өңдеу зауытында 14 есеге азайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте агенттік төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті.
None
None

Оның сөзіне қарағанда, осы жайында ҚР Мұнай және газ министрлігі жүргізген тексеруден кейін белгілі болды.

«2011 жылы онда шығу тегі күмәнді 70 мың тонна мұнай өңделді, яғни бұл мұнайдың қайдан келгенін олар құжатты түрде көрсете алмады. 2012 жылы көлеңкелі айналым 21 мыңды құрады. Ал өткен жылы 1,5 мың тонна мұнайдың қайдан жеткізілгенін нақты көрсете алмады»,-деді М. Ахметжанов.

Белгілі болғандай, 2013 жыл мен ағымдағы жылдың 5 айында шикізатты заңсыз өткізу және сату жолдары бағытында 371 қылмыстық іс қозғалды.

Оның пайымынша, мұнайдың заңсыз айналымымен күрес тұрғысында стандарттау мен сертификаттау жүйесін өзгертіп, барлық мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында мұнай өнімдерінің көлемі мен сапасын өлшейтін қадағалау құрылғыларын орнату керек.

Мұнымен қоса қаржы полициясы бір тонна мұнайдан қанша өнім шығатын норманы заңды түрде регламенттеуді ұсынуда. Сондай-ақ, тиісті мемлекеттік органдар, мұнай өңдеу зауыттары және кен орнын пайдаланушылар арасындағы ақпарат алмасуды автоматтандыру қажет көрінеді.

Соңғы жаңалықтар