Атырау музейіндегі құнды жәдігерлер интерактив кешен арқылы көрсетіледі
Torus.kz компаниясының басшысы Дәурен Ғабдуллаевтың айтуынша, жаңа құрылғылар музейдің кіреберіс фойесіне, этнография және археология экспозициялық залдарына орнатылған.
«Музейдегі интерактивті экспозициялық-голографиялық кешенінде музей қорындағы жәдігерлердің әр тұстан түсірілген 3D суреттері көрініс береді. Оған музей қорындағы 100 жәдігер енгізілді. Бұл заманауи құрылғылардың әрқайсысы үш бөліктен тұрады. Оның жоғарғы бөлігінде жәдігерлер виртуалды түрде 23 дюймдық кең форматты дисплей арқылы ұсынылады. Ортаңғы бөлігі голографиялық элемент экспонаттары анимациялық 3D эффектімен көрсетуге арналған. Ал, төменгі бөлігінде нақты экспонатты әр қырынан бұру элементтері арқылы көрсетіледі», -дейді Дәурен Ғабдуллаев.
Екінші жаңа құрылғы – «Музейтану» бағдарламалық-интерактивті кешені.
Бұл құрылғыда музейдің тарихы мен жәдігерлік қоры, бөлімшелері мен бөлімдері туралы деректер, залдар бойынша виртуальды турлар, музейді басқарған басшылардың өмірбаяндары, музейдің тарихи оқиғаларының мультимедиа материалдары, фотогалерея, 3D жәдігерлер бар.
«Жаңа құрылғылар арқылы музейге келушілер өлке тарихы мен сақталып тұрған құнды жәдігерлер туралы мағлұматпен аз уақыттың ішінде танысуға мүмкіндік алады. Бұл музейдегі құнды жәдігерлерді цифрландыруға алғашқы қадам деуге болады», -дейді музей директорының міндетін атқарушы Динара Бисембаева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көне қорғаннан сармат дәуіріндегі жәдігерлер табылғанын жазған болатынбыз.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айдос Қалшабаевтың дерегіне сүйенсек, қазба жүргізілген қорғандар біздің заманымызға дейінгі VI-IV ғасырлардағы савромат-сармат дәуіріне жатады.
«Қазба кезінде №3 қорғанның орталық жерлеу орны тоналғаны анықталды. Одан әртүрлі түстегі моншақтар тізбесі, қайрақ тас, ал адам жерленбеген бос қабірден (кенотаф) темір қанжар (ақинақ) табылды. Жасөспірім жерленген қабірге 2 қыш ыдыс қойылған. Ал, №4 қорғанды зерттеу кезінде екі адамның шашылған сүйегі мен бірқатар қола жебелерді таптық», - дейді Айдос Қалшабаев.