11:42, 17 Қараша 2011 | GMT +5
Атырау облыстық қазақ драма театры Оралда бірнеше спектакль қоймақшы
АЛ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры 18-21 қараша аралығында Оралда гастрольдік сапармен болмақшы.
Театрдың бас әкімшісі Жанат Оңғардың сөзіне қарағанда, атыраулықтар А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетпекші. Ақ Жайық жұртшылығының назарына Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» (режиссері Гүлзада Темірханқызы), Есенжол Домбаевтың «Ей, қыздар!» комедиясы (қойған Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалы драма театрының режиссері Нұрлан Жұманиязов), Қадыр Мырза Әлінің «Жаралы жолбарыс» трагедиясы (режиссері Төлеген Жангелдиев) ұсынылмақ. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов сахналаған Саид Ахмадтың «Супер келіні» де бар. Балаларға арналған «Ұят қайда?» ертегісі қойылмақшы.