Атырау облысы электр қуатын желден алады

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен «PreVent GmbH» неміс компаниясының басшысы Кристофер Штенгельдің кездесуінде әңгіме болды.
«Атырау облысында электр энергиясының жетіспеушілігін сезініп отырған шалғай елді мекендер бар. Сондай-ақ электр энергиясын көршілес Ресейден тұтынып отырған ауылдар да бар. Азғыр өңірінде ғана 6400 адам тұрады. Сондықтан да біз үшін балама энергетиканы дамытудың маңызы зор», - деді Ғ.Дүйсембаев.
Кристофер Штенгель өзі басқаратын компанияның 10 жылдан астам уақыттан бері шағын жел энергиясы қондырғыларының қуатын арттыру саласындағы зерттеулермен айналысып келе жатқанын айтты. Соның нәтижесінде барлық қуаттар диапазонында пайдалы әсер коэффициенті 92-96 пайызға жеткізілген генератор жасалды. Бұл генераторлар «Black 300», «Black 600» және «Black 1500» жел қондырғыларына орнатылады және электр энергиясын өндіреді.
Генераторлар конструкциялары жел қондырғыларының қуатын 10 КВт-қа дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл хабарлама Атырау облысы атқарушы билігін қызықтырды, сондықтан да байланыстарды одан әрі жалғастыру ұйғарылды.