Атырау облысын бірнеше күн жайлаған түтіннің шығу ошағы анықталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының аспанында бірнеше күннен бері тұрған түтіннің шығу ошағы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Атырауда таралған түтіннің ошағы екі күннен бері анықталмай жатқанын хабарлаған болатынбыз. Бүгін әуеден барлау жүргізу үшін тікұшақ жұмылдырылды.

«31 қаңтар күні Атырау қаласының аумағында түтін иісінің шығуына байланысты өрт ошағын анықтау мақсатында әуеден барлау жүргізуге ТЖМ авиациясы – МИ-874 тікұшағы жұмылдырылды.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын комиссия мүшелері аэровизуалды тексеру бойынша жұмыс жүргізді.

Каспий теңізінің жағалауында аэровизуалды тексеру нәтижелері бойынша 4 ошақ анықталды: 3 ошақ Жылыой ауданы бағытында 70 км жерде, алдын ала болжам бойынша жалпы ауданы 9 га алаңда және 1 ошақ Исатай ауданы бағытында 200 га астам алаңда болды.

Қазіргі уақытта кірме жолдардың бар-жоғын анықтау бойынша барлау жүргізілуде», - делінген министрлік хабарламасында.

Мәлім етілгендей, түнгі уақытқа байланысты өртті сөндіру ертең, яғни 1 ақпанда басталады.

Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар
telegram