Атырау облысында 1 оқушысы бар бастауыш мектеп жабылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 1 оқушысы бар бастауыш мектеп жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылқоға ауданында бұрын кеңшар фермасының орталығы болған елді мекендер аз емес. Соның бірі – Кенбай. Бұл ауыл облыс орталығынан 128 шақырым қашықта орналасқан.

Атырау облыстық Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл ауылда 37 жыл бұрын бастауыш мектеп ашылған. Өткен оқу жылында мектепте 2 оқушы оқыған. Биыл оқушының бірі 5-сыныпқа, екіншісі 4-сыныпқа көшкен. Оқушыларға 6 мұғалім сабақ берген. Ал жақында бұл білім ордасы жабылды. Себеп – оқушы саны азайып, 1 оқушы қалған.

Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Анжанованың айтуынша, 1 оқушы Жамансор стансасындағы бастауыш мектепке ауыстырылған. Мұнда 60 оқушы бар.

Ал мұғалімдерге Жамансор және Сағыз стансасындағы мектептерден жұмыс ұсынылған. Екі ұстаз Атырау қаласында, бірі Мақат ауданындағы Доссор кентінде жұмысқа орналасқан.

Аудандағы тағы бір бастауыш мектеп Тасқұдық елді мекенінде де ашылған. Бұл мектепте 9 оқушы оқиды.

Ал Кенбай ауылындағы тұрғындар бастауыш мектептің түпкілікті жабылмағанын қалайды. Өйткені, шағын елді мекенде мектепке баруға дайындалып жүрген балалар бар.

«Біздің ауылдың басты проблемасы – бастауыш мектептің жабылуы. Енді балаларымыз алыстағы ауылдарға баруға мәжбүр. Екінші мәселе – ауылымызға әлі күнге табиғи газ желісінің тартылмағаны. Газ желісін күткенімізге 30 жылдан асты» -дейді Кенбай ауылының тұрғыны Еділ Темірболатов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрынАтырауда бірнеше мектептің оқушылары жөндеу жұмысына байланысты өзге білім ордасында оқитынын жазған едік.

Кейін Атырауда 11 мектеп үш ауысымда оқытуды жалғастыратынын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ Атырау прокуратурасы жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерді бақылауға алған еді.


Соңғы жаңалықтар
telegram