Атырау облысында 100 млн теңгенің кабелі мен электр бағаналарын ұрлаған топ ұсталды

Атырау полицейлері 100 млн теңгенің кабелі мен электр бағаналарын ұрлаған топты ұстады. Күдіктілерге қатысты 16 эпизод бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: polisia.kz

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер 8 қыркүйекте ұсталған.

«Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Жылыой ауданының аумағында бағанаға ілінген электр кабельдерін жымқырып жүрген төрт күдіктіні ұстады. Күдіктілердің жасы – 26, 25 және 24-те. Бәрі де осы ауданда тұрады. Бірінің «Газель» автокөлігінен 7-8 қыркүйек аралығында ұрланған шамамен 4 шақырымдық жоғары вольтты электр кабелі тәркіленді. Олар ұрлаған кабельді Ақтөбе қаласында орналасқан темір-металл қабылдау орталығына тапсырған. Ұрлықтан Жылыой ауданы аумағында электр бағаналарын орнатып жатқан компанияларға 100 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Қазір күдіктілерге қатысты 16 эпизод бойынша қылмыстық істі тергеу басталды. Күдіктілерге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауға жұмысқа тұруға келген БҚО тұрғынынан 1,5 мың доза есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, есірткі сақтаған бойжеткен қамауға алынғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар