Атырау облысында 300-ге жуық медицина қызметкері жетіспейді

Министрдің айтуынша, қазір ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық бағдарлама іске асырылып жатыр. Бағдарлама шеңберінде Атырау облысында 2023-2024 жылдары 18 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын, оның ішінде 11 медициналық, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр. Аудандық ауруханаларда қосымша бөлімшелер ашылып, медициналық жабдықтармен жарақтандыру жоспарланған.
«Жыл басында әкімдік Атырау облысында 280-нен астам медицина маманы, оның ішінде 183 дәрігер жетіспейтіні туралы мәлімет берді. Әсіресе, акушер-гинекологтарға аса қажеттілік бар. Сол себептен, өңірге кадрларды тарту мақсатында 2022-2023 оқу жылына резидентурада мамандар даярлауға 24 орын берілді. Оның ішінде екі акушер-гинеколог маманы даярланады», - деп мәлім етті Ажар Ғиният.
Ведомство басшысының дерегіне сүйенсек, Атырау облысында қан айналымы жүйесі аурулары, оның ішінде инфаркт, инсульт түрімен сырқаттанушылардың көптігі байқалып отыр.
«Өңірде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастырудағы кемшіліктің салдары үйде болатын өлім-жітімге себеп болады. Инсульттан кейін «Д» есебіне алынған адамдардың төмен үлесі 42,4% құрап отыр. Ал онкологиялық диспансерде кадр тапшылығы бар. Мұнда цитопатоморфологтар, химиотерапевтер, медициналық физиктер, торокалды онкологтар мен онкоурологтар секілді арнайы мамандар жетіспейді», - деп мәлім етті Ажар Ғиният.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 31 орта мектепте директордың орны бос тұрғанын хабарлаған едік.