Атырау облысында 5 айда қызылша жұқтырудың 202 дерегі тіркелді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биылғы 2 наурыздан 25 шілдеге дейін қызылша жұқтырудың 202 дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлдана Бисенбайқызының айтуынша, қызылша жұқтырудың алғашқы дерегі 2 наурызда анықталған.

«Биылғы 2 наурыз бен 25 шілде аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылша жұқтыру күдігімен 285 жағдай тіркелді. Оның ішінде Атырау қаласында – 268, Жылыой ауданында – 7, Құрманғазыда – 6, Махамбетте – 3, Қызылқоға ауданында 1 дерек анықталып отыр. Аталған дертті жұқтырудың 202 дерегі зертханалық талдау жолымен дәлелденді. Ал, 64 жағдайдың зертханалық тексеру қорытындысы теріс нәтиже берді. Қазір 19 сынама әлі зерттеліп жатыр», -деп хабарлады Гүлдана Бисенбайқызы.

Оның айтуынша, Атырау облысында 2019 жылы қызылша ауруын жұқтыру өршіп, 774 дерек тіркелген.

«Бұл аурудың алдын алудың бір жолы – вакцина салдыру. Сол себептен, дерттің таралуын болдырмау, әрі алдын алу мақсатында 9 айлық нәрестелер мен 20-29 жастағы адамдар арасында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде қызылша ауруы 7,6 есеге төмендеді», -деп мәлім етті Гүлдана Бисенбайқызы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында соңғы төрт жылда алғаш рет қызылша жұқтырғандар тіркелгенін жазған болатынбыз.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиеваның айтуынша, биылғы наурыз айында аталған аурудың 4 жағдайы тіркеліп отыр.

Алғашқы жағдай шет елден келген жасөспірімнен анықталған. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирусты сол жақтан жұқтырып келген. Қызылша жұқтырған 4 жағдайдың біреуі зертханалық талдаумен дәлелденген.


Соңғы жаңалықтар