Атырау облысында 70 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 70 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиында каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру қаралды.

Облыс білім басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуахасованың айтуынша, 70 мыңға жуық оқушыны жазғы демалыспен қамту көзделіп отыр.

«Оның ішінде жазғы мектепке 11 684 оқушы тартылады. Махамбет ауданында орналасқан «Арай» лагеріне 480, Индер ауданындағы «Жас өркен» лагеріне 1008 оқушы барады. Мектептер жанынан 7931 оқушы үшін тамақтандыратын лагерьлер ұйымдастырылады. Индер ауданындағы 4, Жылыой, Махамбет, Исатай және Қызылқоға ауданында бір-бірден лагерь ашылып, шипажай үлгісінде жұмыс істейді. Мектептер жанынан 695 тамақтандырусыз, бейіндік, дебаттық, тілдік және ІТ лагерьлер ашылып, онда 26 553 оқушы қамтылады. Облыс аумағынан тысқары лагерьлерде 4 619 оқушы демалады», -деп мәлім етті Гүлнар Сәдуахасова.

Оның дерегіне қарағанда, 2 мыңға жуық оқушы тарихи–өлкетану бағытында өңірдегі мұражайларға, мәдени-тарихи орындарға саяхат жасап, туристік экспедицияларға қатысады. Қосымша білім беру мекемелері жанындағы жазғы лагерьлерде 2 192 білім алушы тартылады. Еңбекке баулу шараларына қатысуға 9 262 баладан өтініш түскен.

«Шынын айту керек, балалардың лагерьлерде демалуына қатысты шешілмеген мәселелер бар. Лагерьлерде тамақтандыру мәселесіне мұқият болу қажет. Әсіресе, тез бұзылатын тамақтардың сақтау мерзімін қадағалау жөн. Әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы отбасылардың балалары бірінші кезекте жазғы демалыспен қамтылуға тиіс. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларын орнатуға баса назар аудару керек», -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік,бұған дейін биыл Атырау облысында қанша бала жазғы лагерьде демалатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар